Медициналық ұйымдардың 45%-і ұлттық аккредитация талаптарына сай емес

Отандық медициналық ұйымдардың 45%-і ұлттық аккредитация талаптарына сай емес. Бұл туралы бүгін Бүкіләлемдік емделуші қауіпсіздігі күніне орай өткен халықаралық шарада айтылды, деп хабарлайды 24kz.

Еліміздегі аккредитациялау ұлттық жүйесі 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл жүйені Денсаулық сақтау сапасы бойынша халықаралық қауымдастық мойындаған. Алайда ұсынған талаптарға ұмтылмайтын емдеу мекемелері аз емес. Осы тұста елордада өткен ауқымды шараға жиналған халықаралық сарапшылар денсаулық сақтау саласындағы маңызды тетіктерді талқылады.

Мемлекеттен қолдау көргің келсе, науқас үшін қауіпсіз, сапалы орта жаса. Міне, бүгінгі шарада саланың сақа сарапшылары осылай дегенді айтты. Оның үстіне мекеме Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қаражат алса, барлық талаптарға сай болуы тиіс. Себебі, емделушінің қауіпсіздігі басты назарда. Өкініштісі сол, Қазақстандағы барлық емдеу мекемелерінің жартысына жуығы сапа стандартына сәйкес бола алмай отыр.

Айнұр Айыпханова, ДДҰ сарапшысы:

- Кез келген медициналық ұйым өздері белгілі бір сапа стандарттарын енгізеді. Ерікті түрде тексеру комиссиясын шақырады. Ол аккредиттеу деп аталады. Жеке арнайы оқудан өткен адамдар келіп тексереді. Олар медициналық жағын барлығын тексереді. Ем қалай тұр, Медбике уақытында дәрі берді ме бәрін, 14 түрлі стандартты тексереді. Ерікті түрде аурухана мен дайындалдым науқастардың емін жақсарттым мені келіп тексеріңіз деп шақырады. Бұл дамыған Еуропа елдерінде бар. Бізсоны 2009 жылдан толық енгіздік. Бұл проблеманың алдын алу жолдарын іздеу деген сөз.

Осыдан біраз уақыт бұрын Үкімет басшысы еліміздегі денсаулық сақтау мекемелері халықаралық JCI стандартына сай болуы қажеттігін айтқан болатын. Әзірге тек 9 медициналық ұйым ғана халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Жалпы соңғы 5 жылда 400-ден астам емдеу нысаны бой көтерген. Демек, санмен сапаны қатар алып жүру міндеттеледі.

Ботагөз Қауыпбаева, Халықаралық аккредиттеу орталығының басқарма төрайымы:

- Біздің сарапшылар төбеден подвалға дейін түсіп, жан-жақты қоршаған ортаны қарайды, инфекциялық бақылау мен емдеуді қарайды. Бәрі бізде бағалау түрінде өтеді. Біз бақылайтын орган емеспіз, мекемелерге өз әдістемемізді жүргізіп, қалай дұрыс болатыны туралы жолын көрсетеміз. Пациент мекемеде құламауы керек, зардап шекпеу керек. Науқас өзіне қауіпсіз ортада сезінгені туралы біздің стандартта бәрі жазылған.

Еліміздегі ұлттық акредиттеу орталығы ТМД елдері арасында тек Қазақстанда бар. Оның сапа стандарттарын әлемдік ұйымдар мойындаған. Бүгінде көршілес елдердің медициналық ұйымдары қазақстандық аккредиттеу орталығының бағалауынан арнайы өткен.

Аюпхан Каюмов, халықаралық сарапшы (Өзбекстан):

- Қазақстандық ұлттық аккредиттеу орталығыың бағалауынан біздің елдің 9 медициналық ұйымы сәтті өткен. Міне, бүгін алғаш рет Өзбекстандағы ана мен бала денсаулығы орталығының Хорезм филиалы халықаралық аккредитациядан өтті. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Жалпы сапа стандарттарын енгізу уақытты, күш-жігерді қажет етеді.

Сарапшылар еліміздегі медициналық мекемелердің сапаға сай болуы үшін арнайы ұлттық аккредитациядан өтуі қажеттігін айтады. Бұл шара ерікті түрде жүргізіледі. Яғни, кез келген өзіне сенімді ұйым ұсынылған сапа стандарттарын қабылдай алады.

Авторы: Айнұр Қуатқызы