Анкарадан арнайы автобуспен келген түркиялық отбасы Түркістанға табан тіреді
Анкарадан арнайы автобуспен Астанаға келіп Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалаған түркиялық отбасы Түркістанға табан тіреді.
6,5 мың шақырымды артқа тастаған саяхатшылар рухани шаһарға қалай жетті?
Қазақ елі туралы нендей ой түйді? Қандай жерлерді аралаған?
Түркиялық саяхатшылар Түркістанға табаны тиген соң, бірден Яссауи кесенесі мен Керуен сарай кешенін аралап көрді. Алыс жолдан шаршап келгендеріне қарамастан «бойымызды ерекше сезім билеп, күш-қуат жинап алдық», – дейді жарасымды жұп. Түркі әлемінің рухани астанасында өздерін бақытты сезініп, атажұрттың ауасымен терең тыныстады.
Түрленген шаһарды жаяу аралап, әбден құмары қанған соң меймандар автобусына оралды. Сырты көлік демесеңіз, іші кәдімгі үй. Тамақ істейтін ас бөлмесі, төрт адамға арналған жатын орны, жуынатын бөлме, кір жуатын орын барлығы бар. Автобустың үстіне күннен қуат алатын пернетақталар орнатылған. Бірсөзбен айтқанда ұзақ жолға шыққанда таптырмайтын көлік.
Кешкісін қонақтар Туризм университетінде студенттермен кездесті. Жастардың қойған сұрақтарына жауап беріп, бұл жолғы ұзақ сапардың мақсатын баяндап берді. Жолдағы қызықтарымен бөлісті. Бізде ерлі-зайыптылардан Қазақстанға жасаған сапары мен Түркістаннан алған әсерін сұрадық.
Идил Дуран, саяхатшы:
- Қазақстанға жасаған бұл сапарымыз біздің өміріміздегі географиялық жағынан ең ауқымдысы болды. Мен осы сапарымда ұшы-қиыры жоқ кең даланы көрдім. Қазақтың даласы қандай кең болса, пейілі де сондай дархан, қонақжай екеніне куә болдым. Жолда автобусымыз бұзылып, дөңгелегі жарылып қалған кезде кез келген тұрғын тоқтап, жағдайымызды сұрап, көмектерін аямады. Тіпті ас-ауқатымызға дейін салып берді. Өзімді төркініне келген қыздай сезіндім.
Ал отағасы Бурак көшпенділер ойыны ерекше ұнағанын айтады. Әсіресе көкпар мен көкбөріге қатты қызыққанын жасырмады. «Садақ атуда әйелдердің ерлермен тең тұрып, шірене адырна тартқанын көргенде кеудемді қуаныш кернеді», – дейді. Ал Түркістан туралы айтқанда тіпті шабыттанып кетті.
Бурак Дуран, саяхатшы:
- Түркістан - Қазақстандағы біз көрген қалалардың ішіндегі ең ғажабы. Басқа шаһарларға мүлде ұқсамайды. Тарихы жағынан да, халқының өмір сүру салтын тұрғысынан да. Ал асханасы мүлде бөлек екен. Түркістанда тұратын сіздер қандай бақыттысыздар. Бізде Түркияда Түркістанды, Қожа Ахмет Яссауиді ерекше құрмет тұтады. Мүмкіндігі бар түрік Түркістанды бір рет барып көргісі келеді.
Ерлі-зайыпты Идил мен Бурак тек өздері ғана жүрген жоқ. Қастарында екі жасар ұлы мен «Анадолы» агенттігінің фото-тілшісі Енес Илдрен де бар. Енес осы сапар жайлы арнайы деректі фильм әзірлеп жатқанын айтты. Оны алдағы уақытта көретін боламыз. Жиһанкездердің ендігі сапары Алматы қаласында жалғаспақ. Одан кейін Қырғызстан мен Өзбекстанға аттанады.
Авторлары: Жандос Жұмбаек, Ерболат Әбіш