Астаналық арулардың асық ойынына қызығушылығы артып келеді
«Қой асығы демеңіз, қолға жақса, сақа тұт». Осы сөздің 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан соң бәсі артты.
Бұған себеп – астаналық арулардың асық ойынына қызығушылығы.
Қой асығын қолға алып, бес асық ойынына белсене кіріскен қыздар халықаралық бәсекеде ел намысын қорғауға дайын.
Дәстүрлі ойынның бірі – асық ату. Бұл ойын түрі Кәусар Серікке таңсық емес. Ол студент болса да, бес асық ойнауға уақыт табады.
Кәусар Серік, қала тұрғыны:
- Әпкелерім де асық ойнайды. Сол кісілердің арқасында асыққа келдім. Асықты қыздармен біз тартысып, намысқа тырысып ойнаймыз. Ұтысты бір-бірімізге бергіміз келмейді. Солай таласып ойнағаннан кейін өте қызықты.
Жастар жағы асық ойынын күндіз де түнде де ойнай береді. Себебі күндізгісі мергендікке, түндегісі ептілікке баулиды. Сондай-ақ денсаулыққа да пайдасы мол. Мұны мамандар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Оны ойыншылар да жоққа шығармайды.
Кәусар Серік, қала тұрғыны:
- Біз асық ойнаған кезде көзіміз астыға-үстіге, жан-жаққа қарайды. Көзімізде қозғалыс пайда болады. Бұлшық еттеріміз қимылдайды. Қолдарымыз қимылдап отырады. Сол арқылы біз өзіміздің денсаулығымызды сақтап қала аламыз.
Асық ойынының жүзден аса түрі бар. Қазіргі уақытта тек қана ерлердің бес табан, қыздардың бес асық ойыны ғана ресми түрде бекітілген. Ал Тасқала, Өріс, Топай, Шыр, Ханталапай ойындары ұмытыла бастаған. Мамандар осыған алаңдаушылық білдіріп отыр. Олар келесі жылы пәнге енгізіп, балаларға сабақ ретінде үйретуді қолға алмақ.
Ескендір Рахметов, Асық ойыны федерациясының президенті:
- Кәдімгі сабаққа кіргізіп, енгізіп мысалға бірінші тоқсанда екі сағат, екінші тоқсанда екі сағат 3-4тоқсанда екі сағат деген сияқты ол келесі жылдың еншісіне қалды. Қазір бағдарлама жазып жатырмыз. Ғалымдармен, археологтармен жұмыс істеп жатырмыз. Осы асыққа тереңнен бойлайық деп. Біз қазір әке-шешеміздің, атамыздың айтқан мағлұматымен жүрміз ғой. Негізгі тарихына да үңілеміз.
Дода дүбіріне айналып, қазақ рухын аспандатқан Көшпенділер ойынында осы асық ату сайысына әлемнің 12 елі қатысты. Байрақты бәсекеде ел құрамасының бәсі артып, алтыннан алқа тақты.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Өрден Жарқын