БҚО-да су тасқынының зардабы толық жойылды

Батыс Қазақстан облысында тасқын зардабы толық жойылды.

Тұрғындар баспанамен түгел қамтылып, кәсіпкерлерге келген шығын өтеліп жатыр. Көктемде өңірдің 5 ауданында 1300-дей үйді су басса, ал Оралда 14 мыңдай саяжай учаскесі су астында қалған болатын.

Өңірдегі су тасқынын мамандар бірнеше кезеңге бөледі. Әуелі еріген қар аула, көшелерді басса, одан кейін кішігірім өзендер тасиды. Сосын барып бастауын Ресейден алатын трансшекаралық дарияларға кезек келеді. Биыл екінші кезеңде Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандары айтарлықтай зардап шекті. 1300-дей үйді су алды. Ал негізгі соққыны облыс орталығы қабылдады. Жайықтың тасуынан өзен жайылмасындағы 14 мың саяжай учаскесі су астында қалды. 55 бау-бақша серіктестігін тұрақты мекендейтін он мыңдаған адам бір күнде баспанасынан айрылды. Үйі суға кетсе де мойымай, мысығының амандығына қуанған тұрғынның бейнекөрінісі көктемде әлеуметтік желіні жаулаған еді. 

Оралдық отбасының одан кейінгі тағдыры бізді де мазалады. Жанболат пен Тұрсынгүлді екінші саяжай ауданынан таптық. 

Жанболат Есқалиев, Орал қаласының тұрғыны:

«Спасательдермен» келдім де шатырдан кіріп, мысықтың даусы шығады. Құтқарушылар қорқады, «бара алмаймын» деп. Ойбай, кеттік! мысығым қалып қойды менің деп. шатырдан кіріп әйда ізде. Содан ана сененің тұсынан шығады. Жалаң қолмен ағашты сындырып тұрмын ғой, мысық тек қыстырылып тұр екен. Осында бақырып жатыр, көзі нән болып кеткен. Содан тиктокқа кетіп қалды ғой. Біреу айтады, затыңды шығармайсың ба, мысықты неғыласың деп. Ойбай зат не керек, қайта сатып алам ғой, мысық қымбат. Обал ғой, жаны бар деп. 

Есқалиевтер отбасы бұрын қалада пәтер жалдап тұратын. Отағасы көлік жөндесе, Тұрсынгүл бала күтімімен үйде отырған. Былтыр көктемде саяжай серіктестігінен жер алып, мына шағын үйді салған. Бар жиған-тергендерін құрылысқа жұмсап, жаңа қоныста бір ғана қыстаған. 

Жанболат Есқалиев, Орал қаласының тұрғыны:

- Тізеден келеді де кетеді деді ғой. Соған сеніп бөгет салдық қой, суды тұрғызамыз, тоқтатамыз деп. Содан күні-түні бөгет салып, суды ұстап тұрдық. Кілең ер адамдар. 21-і күні ме су келді деді. Машинаға мініп алып, жаяу қашып үлгердік. Су бір сағаттың ішінде екі метр болды ғой. 

4 ай бойы эвакопунктті паналаған Есқалиевтер отбасының пәтерге қол жеткізуі де оңай болмаған. Ақыры қала басшылығының қолдауымен қайырымдылық қорлары қол ұшын созды. Қазір 3 балалы жанұя 3 бөлмелі пәтерге көшіп кірді. 

Тұрсынгүл Батырғалиева, Орал қаласының тұрғыны:

- 29 шілде күні соңғы рет видеоға түсірейік деді. Соңғы комиссияға керек болып тұр деп, семьямызбен бардық. Сюрприз деп сертификат бергенде жолдасым екеуміз екі жерден еңіреп тұрып жыладық шыны керек. Өте қуаныштымын. Әлі күнге дейін жолдасым, балам айтады 8 кластағы, сенбейміз, мынау біздің үй ме деп. Қ. Тоқаев мырзаға осылай суға кеткенде бірден айтты ғой ешкім үйсіз қалмайды деп, көп-көп рахмет. 

Қазір 4 ауданда 401 үй, облыс орталығында 375 үй пайдалануға берілді. Арнайы комиссия шешімімен саяжай үйі жалғыз баспана санатындағы 2330 оралдық үймен қамтылуы тиіс болатын. Күні бүгін пәтерлерді сатып алу жұмыстары аяқталды. Қала әкімдігінің мәліметінше тасқыннан келген шығын 70 миллиард теңгеге жуықтайды. 

Азамат Халелов, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Биылғы су тасқынын өзіңіз білесіз, үлкен сабақ алып келді расымен де. Көптеген азаматтарымыз жердің санатына қарамастан саяжайларда үйлерін салып, сонда күнделікті тұрмыс-тіршілік жүргізген болатын. Алдағы уақытта бұндай мәселені болғызбау мақсатында биыл көмек көрсетілген барлық саяжай тұрғындарын саяжай жерлері тәркіленетін болады. Мемлекеттің меншігінде қалады. Кешенді шаралар жүргізетін боламыз. Қазір тиісті жол картасын жасап жатырмыз. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Биылғы алапат тасқынға тосқауыл қойып, төтенше жағдайдың алдын алуға Орал өңіріне көмекке еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген техника келді, мыңдаған әскерилер мен еріктілер жұмылды, ірі компаниялар миллиардтап қаржы бөлді. Ортақ күш-жігердің арқасында айтып келмейтін апаттың зардабы қазір толық жойыла келді. Ең бастысы Мемлекет басшысы уәде еткендей ешкім де көмексіз, баспанасыз қалған жоқ.

Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов