Францияда туризм көрмесіне қатысушылар Қазақстанға қызығушылық білдірді

Парижде туризм бойынша халықаралық көрме өтті.

Іс-шарада Қазақстанға қызығушылық танытқандардың қарасы көп болды.

Бүкіләлемдік туризм ұйымының мәліметі бойынша, Таяу Шығыс пен Африкаға саяхаттаушылар саны артқан. Көрмедегі Қазақстан бұрышы да көп шетелдікті қызықтыра білді. Олардың арасында сән әлемінің жұлдызы Марин Фютоль да бар. Өз аймағындағы арулар байқауында топ жарған бойжеткен енді Франция бойынша бақ сынамақ. 

Марин Фютоль, "Реюньон 2024" аруы:

- Шынымды айтсам, бұған дейін Қазақстан туралы түк білмеппін. Сіздердің ел менің туған өлкеме қатты ұқсайды екен. Қазақстан қатты ұнап жатыр. Ұлттық тағамдардан ауыз тидім. Женттің дәмі ерекше. Сіздің елге барғым келеді.

Қазақстан биыл туристерді бірінші кезекте Алматыға шақырып жатыр. Ару Алматы бірінші жартыжылдықта 300 мыңнан астам саяхатшы қабылдапты. Туроператорлар енді іскер адамдарды көптеп тартуға тырысып көрмек. 

Айнұр Төрежанова, Алматы туризм бюросы департаментінің басшысы:

- Біздің бұрышқа келушілер өте көп. Арасында Қазақстанның қайда екенін білмейтіндер де бар екен, қай аймақта, қалай жетуге болады деп сұрайды. Қазақстанға деген қызығушылық өте жоғары.

Француз туроператорларының көбі аралас саяхат түрін ұсынады. Яғни бірден Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанға баруға кеңес береді. Францияда былтыр қазақ еліне саяхаттау бойынша жеке агенттік пайда болған. Туристер Қазақстанға әдетте 2 аптаға келеді екен. 

Ольга Сансон, Kazakhstan Incoming турагенттігі француз кеңсесінің жетекшісі:

- 14 күнге келген туристің қанша ақша жұмсайтынын есептеп көріңіз. Олар Қазақстанның табиғи жауһарларын тамашалауға барады. Тарих пен мәдениет те қатты қызықтырады. Қалаларды аралағанда міндетті түрде мұражайларға бас сұғады. Адамдар жаңа нәрсені танығысы келеді.

Париждегі көрмеге 1 жарым мың компания мен 30 мыңға жуық турист келген. Көбі Қазақстан туралы кеңінен танып біліп кетті.

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан