Қазақстандағы ең тапшы мамандықтардың тізімі жарияланды
Елде жұмысшы мамандықтарына тапшылық өте жоғары, деп хабарлайды 24kz.
Күні кеше ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2030 жылға қарай 400 мыңнан аса жұмысшы мамандар қажет болады деген статистиканы жариялады. Техникалық және кәсіптік орта білім беру жүйесін реформалауды неден бастау қажет? Сарапшылар бұл тұрғыда не дейді?
Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Өздеріңізге белгілі, мұндағы мақсат – еңбек адамдарының, соның ішінде жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру. Оқу-ағарту министрлігі осы Жұмысшы мамандықтар жылына орай үлкен жоба әзірлеп жатыр. Жол картасы бірнеше бағытты қамтиды. Сарапшылар мынадай пайымға тоқталып отыр. «Кәсіптік білім беру колледждеріндегі оқу бағдарламасын өзгерту, сонау Кеңес дәуірінен қалған құрал-жабдықтарды жаңарту қажет», дейді.
Қадырбек Бөрібеков, Техникалық және кәсіби білім жөніндегі халықаралық сарапшы:
- Осы оқу орындардың материалдық-техникалық базалары. Өндірістен әлдеқайда төмен. Кейінгі жылдары әртүрлі бағдарламалар болды. Соның негізінде біраз оқу орындарында бір-бір мамандық бойынша жаңа оқу құралдары қойылды. Бірақ негізінен менің ойымша, 70%-ке жуық мамандықтар оқу материалдық базалары жаңарған жоқ. Оларда бұрыңғы ескі қолданыстағы станоктар, басқалар тұр.
Жол картасы, арнайы жоспар деп айтып жатырмыз. Дегенменмен де, сарапшылардың пайымынша, жұмысшы мамандықтарға әлеуметтік қолдау да күшейтілу керек және жалақыларын көтеру басты назарда болуы қажет
Қадырбек Бөрібеков, Техникалық және кәсіби білім жөніндегі халықаралық сарапшы:
- Президентіміз айтқандай, колледждерді реформалау не үшін қажет? Бірінші өз бағытымыз, мақсатымызды тұрақтандырумыз керек. Ол Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беретін саланың жаңа үрдісін, ол сала біздің экономика талаптарына байланысты, өндіріске қажетті мамандар дайындай алатын заманауи сала болып қайта құрылуы қажет деп ойлаймын. Осындай мақсатымызға жету үшін біраз мәселелерді шешуге тура келеді. Бірінші кезекте ол – кәсіби білім беретін оқу-бағдарламаларын қайта қарастыру, әлемдік алдыңғы қатарлы оқу-бағдарламаларын енгізу.