Мәслихат депутаттары Үкімет мүшелеріне мазалаған сұрақтарын қойды

Мәслихат депутаттарының II республикалық форумы аясында 4 бағыт бойынша панельдік сессиялар өтті, деп хабарлайды 24kz.

«Amanat» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары Үкімет мүшелеріне, министрлерден бастап вице-премьерлерге дейін өз сұрақтарын қойды. Сессияға қатысушылар денсаулық сақтау, оқу ағарту, жоғары білім, мәдениет және ақпарат, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне өңірлерде қордаланған мәселелерді айтып, ұсыныстарымен бөлісті. Мәслихат депутатары көтерген мәселелердің дені медициналық қызмет, білім беру, несие қарыздарының артуына қатысты болды. Соның ішінде дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы, алыс шалғай аудандарда медицина орталықтарының жетіспеуі, мәдениет саласындағы қызметкерлерге қойылатын талаптарды өзгерту сынды сұрақтар көтерілді. Панельдік сессия жұмысына мәслихаттардың 1835 депутаты қатысты. 

Бекежан Мерей, «Amanat» партиясының маңғыстау облысы қарақия ауданының мәслихат депутаты:

- Бірінші рет Президентіміз мәслихаттың осындай үлкен жиналысына қатысты. Ол деген Президентіміздің бізге үлкен сенімі деп ойлаймын. Президентіміз жергілікті мәслихат депутаттары мен әкімтердің бірігіп жұмыс жасауы керектігін айтып өтті. Бұл өте қуанышты жағдай. Өйткені біздер әкімшілікпен бірігіп, еліміздің күрделі мәселелеріне атсалысуымыз керек деп ойлаймын.

Сәбит Рыспеков, «Amanat» партиясының Түркістан облысы Сауран ауданының мәслихат депутаты:

- Мемлекеттік мекемелер және бюджеттік мекемелердегі қосымша ауылдық жерлердегі еден жуушы, аула тазалаушы және басқа қосымша техникалық персоналдарға қатысты орлардың айлық-жалақысы төмендігі мәселені көтердім. 85 мың теңге алады. 85 мың теңгенің ішінен медстрахованиесі бар, салық бәрін алып тастағанда 70 мың теңге қолға алады. Бұл қазіргі көрсеткішпен өте төмен. Министрдің жауабы бізге жылына 20%-тен қосып көтереміз деді. Екі есеге жеткіземіз деді 4 жылдың аумағында. 20% деген 14 мың теңге ол төмен деп есептеймін.