Павлодар облысында 520 референдум учаскесі жасақталды
Павлодар облысында 520 референдум учаскесі жұмысын бастады, деп хабарлайды 24kz.
Оның 139-ы облыс орталығында орналасқан. Еліміз үшін тарихи маңызды шараға қатысып, өз таңдауын жасауға құқылы 505 мың азамат тіркелген екен. Он бір мың адам алғаш рет дауыс берсе, бес 5500-і биыл 18-ге толған жастар. Т
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Референдум учаскесінде халықтың жоғары белсенділігі байқалады. Біз, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ғимаратында тұрмыз. Бұл – қаланың орталығы. Бір ерекшелігі – дауыс берушілердің көбі зейнеткерлер. Түске дейін жартысынан көбі өз таңдауын жасап үлгерді. Жалпы бұл учаскеде 1532 дауыс беруші тіркелген екен. Оның ішінде жасы 18-ге толған 11 адам науқанға алғаш рет қатысты. Ал, 92 жастағы кейуананың өз аяғымен келіп таңдау жасауы бізді әрине таңқалдырды. Референдумға келгендер үшін ауылшаруашылық жәрмеңкесі, концерттік бағдарлама ұйымдастырылған.
Жалпы Павлодар облысы бойынша 520 референдум учаскесі жасақталды. Оның 139-ы облыс орталығында орналасқан. Барлығы бірінші қабатта. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалып отыр. Пандустар орнатылып, қажетті құрал-жабдықтың бәрі алынған. Ол – компьютер, құлаққап, жарықтандыру құралдары, үлкейткіш әйнектер мен түрлі тактильдік нұсқаулықтар. Бүгін инватакси қызметі де іске қосылды. Қоғамдық көліктің барлық түрінде жол жүру тегін екенін еске сала кеткім келеді. Сонымен қатар ешбір мекенжайда тіркелмеген азаматтарды уақытша тіркеу бойынша 3 қалад 6 онлайн-сервис ашылды. Яғни, ел азаматтары өзінің конституциялық құқығын пайдалана алады. Сонымен қатар республикалық референдум қарсаңында Ішкі істер департаменті күшейтілген кезекшілік режимге көшкен болатын. Облыс орталығындағы дауыс беру учаскелерінде қоғамдық қауіпсіздікті ауысым бойынша 300-ге жуық полиция қызметкері қамтамасыз етеді. Олар алдын ала дайындық жұмыстарын пысықтап, нұсқаулықтармен танысты.