Танымал тұлғалар азаматтық белсенділік танытты
Қазақстанның танымал тұлғалары да белсенді азаматтық ұстанымын көрсетіп, дауыс берді.
Олардың арасында есімі әйгілі жазушылар, күміс көмей әншілер мен спортшылар бар. Саяси науқанда өз таңдауын жасауға келгендер елдегі елеулі сәт келешек үшін маңызды қадам екенін айтты.
Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Тарази де саяси науқанға қатысып, өз дауысын берді.Референдум комиссиясының өкілдері 91 жастағы драматургтың үйіне барып, қолайлы жағдай жасады. Көрнекті жазушы елдегі елеулі сәт келешек үшін маңызды қадам екенін атап өтті. Өзге де қаламгерлер референдумға бей-жай қарамай, белсенділік танытты.
Роза Мұқанова, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл тарихи шешім, халықтың шешімі болмақ. Халықтың үніне құлақ асатын қоғам. Тәуекелі жоқ қоғам тәуелсіз бола алмайды. Мен өзім де бүгін дауыс бердім. Дауыс беру - ол менің жауапкершілік, азаматтық міндетім саналады.
Референдумда Қазақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімов те дауыс берді. Ол қаладағы №382 учаскеге отбасымен келіп өз таңдауын жасады. Ел үшін өзекті мәселенің осылай қоғам талқысына түскені маңызды. Сондықтан, референдумға халық болып бірауыздан атсалысқан жөн,- дейді Асанәлі Әшімов.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі:
- Бұл біздің азаматтық борышымыз. Дауыс беру. Халықтың тілегі, халықтың әл-ауқаты жасару керек деп жатырмыз. Оған қосылам. Халықтың тұрмысы жақсарса деп, мен сол жағына қарап жақтаймын. Халықтың жасап жатқан осындай жасап жатқан референдумына жақсы көзбен қараймын.
Бүгін қазақстандықтар үшін тарихи күн. АЭС салу мәселесі бойынша референдумға қатысқан Халық артисі Роза Рымбаева осындай пікірде. Әнші Алматыдағы №17 мектеп-интернатта орналасқан сайлау учаскесіне барып, таңдауын жасады. Роза Рымбаева референдумның ерекше маңыздылығын атап өтті.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық артисі:
- Бүгінгі болып жатқан үлкен сұрақ; АЭС құрылысы бола ма, жоқ па дегенге халықтың дауыс беруімен шешілетін сұрақ. Сондықтан мен Қазақстан азаматы ретінде өзімнің дауысымды бердім.
Елдің келешегіне әсер ететін шешуші сәттен әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы да қалыс қалмады. Ол Шымкентте орналасқан опера және балет театрындағы уческеде дауыс беріп, келушілерді әуезді әнмен қарсы алды.
Майра Мұхамедқызы, қалалық опера және балет театрының директоры:
- Біз енді өнер адамдары жан-жақта жүреміз. Егер осындай кезде шетелде болсақ біздің елшілікке барып, өз даусымды берер едім. Мен мынадай ауқымды іс шарадан ешқашан қалмаймын. Бұл біздің болшағамыз. Бұл біздің азамат ретінде елімізге қосқан үлесіміз.
Өскеменде Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова жалпыұлттық референдумға қатысып, дауыс берді. Жеңіл атлет бұған дейін де қоғамдық- саяси науқандардың бірде-бірінен тыс қалған емес. Қай елде жүрсе де азаматтық борышына үлкен жауапкершілікпен қарайтын ол референдумға қатысып, өз көзқарасын білдіруді жөн санапты.
Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:
- Мен референдумға өз азаматтық ұстанымымды білдіру үшін келдім. Бүгін кішкене сырқаттанып тұрсам да, үйде жата алмадым. Өз елімнің патриоты ретінде бұндай қоғамдық іс-шараларға белсене қатысамын. Әлеуметтік желі арқылы сан түрлі пікір жазып, ой білдіретіндер көп қой. Ал бұл жер нағыз таңдау жасалатын жер деп білемін.
Ал Таразда Олимпиада чемпионы Елдос Сметов өз таңдауын жасады. Спортшы бұған дейін де саяси науқандарға белсене қатысып келеді. Ел алдында жүрген соң мемлекет болашағына әсер етер сәтте қол қусырып отырмаймын, дейді ол. Чемпион бүгін №82 учаскесіне келіп, дауыс берді.
Елдос Сметов, Париж Олимпиадасының чемпионы:
- Өз таңдауымды жасадым. Және ел болашағы үшін, еліміздің дамуы үшін елімізге пайдасын тигізетін дүниелер үшін әр қазақтың баласы, әр қазақ халқы, өзінің дұрыс таңдауын жасау керек деп ойлаймын.
Алматыда өткен референдумда Қазақстанның ең әдемі қыздары да өз дауыстарын берді. Сабина Ыдырысова, Мадина Әлмұханова және Эльдана Сауранбаева дауыс беру учаскелеріне тәж киіп келді.
Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев