Елімізде жаңа радиофармацевтикалық өнім шығару технологиясы қолға алынады

Қазақстан ғалымдары жаңа радиоизотоптар шығармақ, деп хабарлайды 24kz.

Биыл Ядролық физика институтында «Актиний 225» изотопы негізінде жаңа радиофармацевтикалық өнім шығару технологиясы қолға алынады. Бұл онкологиялық ауруларды емдеуде пайдаланылады. Сұраныс жоғары, бағасы қымбат. Жобаға жапониялық инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Осы саладағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар Алматыда өтіп жатқан халықаралық форумда сөз болды. Басқосуға әлемнің 15 елінен 200-ден астам делагат қатысты. Форум аясында еліміздегі Ядролық физика институты Өзбекстан, Қытай және Түркия елдерімен ортақ жобаларды іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойды.

Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының директоры:

- Түсінікті болуы үшін жаңағы Актиний-225-тің 1 грамы деп есептейік, 80 млн доллар тұрады. Болашақта оның құны арта беретінін жұрттың бәрі көріп отыр. Сол біздің технологияларға қол жеткізу мүмкіндігіміздің бәрін, шығару мүмкіншілігімізді көріп отырған жапониялық компаниялар да келіп, соны бізден шикізат күйінде емес, дайын өнім ретінде сатып алуға дайын болып жатыр.

Шарлотта Варакауле, Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының халықаралық байланыс жөніндегі директоры:

- Қазақстан ядролық физика саласын дамытуға ден қойды. 2018 жылдан бері Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен тығыз-қарым қатынас жасайды. Біздің ұйым жер астындағы ең үлкен үдеткіш салудың ғылыми-зерттеу жұмысын бастады. Жобаға Қазақстаның ғалымдары да атсалысса дейміз.