Қарағандыда кітапханашыларға құрмет көрсетілді
Қарағандыда 30 жылдан астам уақыт ғұмырын кітапхана саласына арнаған кітапханашы тұрады, деп хабарлайды 24KZ. Қалқатай Қалиева балалардың бойындағы кітапқа деген сүйіспеншілікті оятуға талпыныс жасап жүр. Өз ісін адал атқарып келе жатқан маманға төл мереке күні құрмет көрсетілді.
Қарағанды облысында 256 кітапхана бар. Онда 750 кітапханашы еңбек етеді. Солардың бірі – Қалқатай Қалиева. Жалпы еңбек өтілі – 32 жыл. Абай атындағы балалар кітапханасына келгеніне ширек ғасырға жуықтап қалды. Осы уақыт ішінде оның алдынан мыңдаған жас оқырман өтті. «Біздің міндетіміз – әр балаға өзіне керек кітабын тауып беріп, көркем әдебиетті оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру», – дейді ол.
Қалқатай Қалиева, кітапханашы:
- Ата-аналар жас кезінен бастап, балабақшадан бастап балаларды кітап оқуға тәрбиелесе деген менің өз ұсынысым бар. Себебі бесіктен бастап бала ауыз әдебиетін, қисса, жырларды, дастандарды, ертегілерді тыңдап өссе, өскеннен кейін ол баланың кітап оқуға деген қызығушылығы артуы мүмкін.
Кітапханаға 32 жыл бұрын жас маман болып келген Қалқатай Қалиева көп нәрсе өзгергенін айтады. Замана көшіне ілесу үшін кітаптар сандық форматқа көшірілді. Бұл да оңай дүние емес. Авторлық құқықтың сақталуына баса мән беріледі. Абай атындағы кітапханаға жыл сайын 12 мыңнан астам оқырман келеді. Оларға 240 мың кітап беріледі. Кітап қоры жылдан-жылға ұлғайғанымен, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың орта тұсындағы шығармаларға деген сұраныс өте жоғары.
Кітапханашылар күніне орай өткен салтанатты жиынға Қалқатай Қалиева құрметті қонақ ретінде шақырылды. Онда кітапханашыларға алғысхаттар табыс етілді.
Қалқатай Қалиева, кітапханашы:
- Енді біздің кітапханашылардың мерекесі 2022 жылдан бастап кәсіби мереке ретінде, яғни 24 қазан күні аталып өтіледі. Міне, биылғы жылы біз үшінші жыл тойлап жатырмыз. Біз үшін бұл өте мәртебелі, үлкен жетістік, мереке деп ойлаймын. Әрине, өзімнің мамандығыммен мақтанамын.
Өзге мамандық иелері сияқты кітапханашылар да инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеруге көшкен. Электронды база құрылып, 2 мыңнан астам кітап сандық форматқа көшірілді. Оқырмандар үйден шықпай-ақ, өзіне қажетті материалды тез арада тауып, өңірдің тарихымен таныса алады. Балалар мен жасөспірімдерді кітапханаға тарту үшін әдеби челлендждер мен арт-марафон, поэтикалық кештер сияқты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Зарина Зулпыхар.