Қостанайлықтардың коммуналдық берешегі ₸1 млрд 67 млн-нан асты
Қостанай облысы тұрғындарының коммуналдық қызметке берешегі 1 млрд 67 млн теңгеден асты, деп хабарлайды 24KZ. Оның басым бөлігі жылуға тиесілі. Қарызды өндіріп алу үшін жылу энергетикалық компаниясы жаз бойы әкімдік құқық қорғау органдарымен бірге рейд ұйымдастырды.
Ескертуге құлақ аспағандарды заң жүзінде мәжбүрледі. Нәтижесінде дебиторлық берешек біршама азайды. Алайда өтелмеген қарыз әлі күнге қомақты. Тек қана облыс орталығы тұрғындарының жылуға берешегі жарты миллиард теңгеге жуық. Борышкерлер ісі бойынша сот орындаушыларына жіберілген 251 шешімнің осы күнге дейін тек үштен бірі ғана орындалған.
Дәурен Асқаров, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Биылғы жылдың 1 қазанындағы тұрғындардың коммуналдық қарызы былтырғы кезеңімен салыстырғанда 130,2 млн теңгеге көп. Коммуналдық қызметтер үшін берешекті азайту жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Бұл кәсіпорындарға энергия ресурстары үшін есеп айырысуды уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.