Halyk Bank студенттерге жаңа зертхана сыйлады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Halyk Academy көпфункционалды зертханасы мен коворкинг аймағы ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл – Halyk банкі мен елдің IT-саласындағы жетекші университеттердің бірлескен жобасы. Академия ұлттық университет студенттеріне IT-саланы зерттеу үшін жаңа технологиялар мен мүмкіндіктер береді.

Зертхана университеттің Механика және математика факультетінде ашылды. Енді студенттер жаңа оқу семестрінен бастап инновациялық IT жабдықтармен оқи алады. Олар Halyk банкінің бизнес бойынша департамент мамандарынан дәріс алып, әрі қарай банкте тағылымдамадан өтеді.

Дәурен Сартаев, Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары:

- Бүгінде Қазақстанда әлемдік озық сервистерді құрудың бірегей мүмкіндігі бар. Тіпті бұл қызмет түрлерін қолданып, меңгеріп жатырмыз. Еліміздің қаржы секторында жасалып жатқан көптеген қызметтердің әлемдік қаржы нарығында баламасы жоқ деуге болады. Оларды жасау идеясы осындай зертханаларда туады.

«Халық академияда» студенттер бағдарламалау мен жобалауды үйренеді. Инновациялық технологиялар мен жаңа жабдықтарды меңгереді. Коворкинг аймақта тың идеяларды бірлесіп жүзеге асырып,  өз жобаларын жасай алады.

Еркін Дүйсенов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ бірінші проректоры:

- Зертхананың Механика және математика факультетінде ашылуы – заман талабы. Бүгінде біз жасанды интеллектіні экономикамызға енгізіп келеміз. Сол арқылы әлеуметтік өмірімізді, қызметімізді дамыту бойынша ірі зерттеулер жүргізіп жатырмыз.

Halyk Academy – бұл Қазақстанда IT-саланы тұрақты дамытуға және жоғары білікті мамандар дайындауға бағытталған Halyk және еліміздің бас университеттерінің бірлескен жобасы. Бұған дейін осындай зертханалар еліміздің бірнеше жоғарғы оқу орнында ашылды. Жоба үш жылда Halyk start бағдарламасы бойынша хакатондарда өзін белсенді көрсететін көптеген мықты кадрларды шығарды.

Авторлары: А.Садуақас, Р.Жақыпов