Ақмола облысында соңғы үш жылда қылмыс саны 25% азайды
Ақмола облысында мал ұрлығы зайып, кейбір ауыл тұрғындары ащы судан бас тартқан. «Бұл – «Зиялы қауым» жобасының жемісі», - дейді жауаптылар. Қазір ауыл қауымдастығы мен жергілікті полиция қылмысқа қарсы бірлесе күрес жүргізіп келеді, деп хабарлайды 24kz.
Екі мыңға жуық халқы бар Атамекен ауылында биыл қылмыс мүлдем тіркелген жоқ. Одан қалды маскүнемдік те азайған. Себебі елді мекендегі қауіпсіздікті полицейлерден бөлек, жергілікті зиялы қауым өкілдері қадағалайды.
Амантай Жанғожин, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Ауылдағы барлық мәселені бірлесіп шешеміз. Қазір алкоголь ішетіндер азайды деуге болады. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтардың төмендеуіне әкелді.
Шиелі ауылының тұрғындары да игі жобаға қолдау танытқан. Осының нәтижесінде мал ұрлығының едәуір төмендегені байқалады.
Аманжол Дайыров, Шиелі ауылының тұрғыны:
- Бұрындары ұрлық дегендер болды енді. Ішетіндер де болған. Қазір ондай жоқ. Тыныштықбарлығы да.
Ерлан Жолдасбаев, учаскелік полиция инспекторы:
- Мен айына бір рет жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, жиналыс өткізіп тұрамын. Ауылдағы мәселелерді ортаға салып, талқылаймыз. Жыл басынан бері ішімдікке құмар болған үш адамды емдеуге жібердік. Осы ретте ақсақалдар үлес қосты. Сонымен бірге оқушылармен де арнайы сабақтар өткіземіз.
«Зиялы қауым» жобасы облыстағы 130-ға жуық ауылда жүзеге асып жатыр. Әрқайсысында ақсақалдар кеңесі құрылған. Бірнеше елді мекен тұрғындары арақ-шараптан бас тартып, дүкендерде ащы су сатуға тыйым салынды.
Ерболат Құсайынов, облыстық ПД басқарма бастығының орынбасары:
- Сейфуллин ауылы Зеренді ауданына қарасты, Сандықтау ауданында бірнеше ауыл Арбузинка, Красная поляна, Ерейментау ауданында, Атбасар ауданындағы Сепе ауылы алкоголь өнімдерін сатудан бас тартты кейбір кәсіпкерлер. Бұл жерде ең маңыздысы – халықтың зиялыларын осы қоғамдық мәселелерді шешуге тарту.
Зиялы қауым қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқықтық тәртіпті қадағалаумен шектелмейді. Елді мекендерді абаттандыру, қараусыз жайылатын төрт-түлік мәселесін шешуге атсалысады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный