Қазақстандық аспаз Париждегі Мишлен мейрамханасында ас әзірледі
Парижде Қазақстандағы ең үздік бас аспаздардың бірі Артем Канцевтің қатысуымен ерекше кеш өтті, деп хабарлайды 24KZ. Отандасымыз Мишлен жұлдызын алған мейрамханада танымал француз аспазы Фредерик Симонинмен бірге ас әзірледі. Гастрономия шеберлері: «Бұл – серіктестіктің бастамасы», – дейді.
Париждегі Мишлен мейрамханасында өткен бұл іс-шараға қос тарап бірнеше апта бойы дайындалған. Аспаздар екі елдің де дәстүрлерін біріктіруге тырысты. Мысалы, жылқы етінен әзірленген тартарға трюфель саңырауқұлағын қосып, ерекше тағам дайындады. Ал түйе етінен әзірленген мантының қамырына кофе қосылған.
Артём Канцев, «Qazaq Gourmet» мейрамханасының бас аспазы:
- Әрине, мынадай мейрамханаға келгенде мол тәжірибе жинап қайтамыз. Әлі үйренетін дүние көп. Екінші жақпен тәжірибе алмастық.
Фредерик Симонин, «Frederic Simonin» мейрамханасының бас аспазы:
- Мен Қазақстаннан келген әріптесімнің өз мәдениетін көрсетіп, өзін еркін сезінуі үшін барынша жағдай жасауға тырыстым. Ол тамаққа қосуға болмайтындай көрінген азық-түліктен дәмі тіл үйірер ас әзірлеп, мені қатты таңғалдырды.
Бұл іс-шараны ұйымдастыруға Франциядағы қазақ әйелдерінің қауымдастығы мұрындық болды. Жобаға бесінші республикадағы Қазақстан елшілігі, сондай-ақ Шымкент әкімдігі де қолдау білдірді.
Екі ел асханасының дәстүрлерін біріктірген дәмді тамақтардан бөлек, іс-шара қонақтарын музыкалық тосынсый күтіп тұрды.
Софи Сидос, Францияның сыртқы сауда бойынша кеңесшілер желісінің президенті:
- Мұндай іс-шаралардың ұйымдастырылғаны жақсы. Тәжірибе алмасқан сайын бір-бірімізді жақынырақ танып, екі ел туралы көбірек біле аламыз.
Пьер-Франсуа Ложеро, Париж қаласының 17 аймағы мэрінің орынбасары:
- Маған тағамдар ұнады. Бұған дейін қазақ асханасы туралы ештеңе білмеппін. Бәрі көңілімнен шықты. Енді Парижде қазақ мейрамханасы ашылса екен дейміз. Өз жағымыздан біз барынша қолдау көрсетуге дайынбыз.
Негізі Франция Мишлен жұлдызын ең көп алған мемлекет саналады. Орталық Азия бойынша ондай марапатқа ие болған мейрамханалар әзірге жоқ. Бірақ Қазақстанда гастрономияның қарқынды дамуы және әлемнің үздік тамақтану орындарымен тәжірибе алмасудың нәтижесінде біздің ең үздік рейтингке алғашқылардың бірі болып кіруімізге мүмкіндігіміз мол.
Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан.