Астанадағы құбыр зауытында колледж студенттері тағылымдамадан өтеді
Қолданыстағы құбырлардың 35 пайызы Астанадағы зауыттан шығады.
Кәсіпорын келесі жылы өнім көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Осылайша ішкі сұраныспен қатар, тауар түрлерін экспорттауға да ниетті.
Бұл Астанадағы құбыр зауыты. Жылына 10 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда 16-өлшемнен бастап 1200-дік құбырға дейін шығарылады. Зауыт өнімдері су, мұнай тасымалдауға, коммуникациялық желілерді жүргізуге пайдаланылады.
Бағлан Құдияров, құбыр зауытының директоры:
- Алдымызда жоспарда зауыттың жылдық өнімін екі есеге жоғарлату жоспарымызда бар. Оған сай мынау еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың келесі 2025 жылды - жұмысшылар жылы деп хабарлануына байланысты қазіргі жұмысшылардың әрі қарай жағдайын жақсартуына, зауыттың осы өркендеп өнуіне үлкен жоспарлар құрып жұмыс жасап жатырмыз.
Қазір кәсіпорында 100-ден астам маман еңбек етеді. Алда өнім көлемі артып, өндіріс өркен жайса қосымша жұмыс күші қажет болады. Ал салада кадр тапшылығы ең өзекті мәселелердің бірі. Зауыттың техникалық директоры Марат Сәдуақасов, қызметкер қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жергілікті колледждермен жүйелі жұмыс істеп келеміз дейді.
Марат Сәдуақасов, зауыттың техникалық директоры:
- Бізде екі колледжбен меморандум бар. Жылына бізде практикаға бір 30-40 адам практикаға келеді. Жылына біз 10-15 адам аламыз өзімізге. Сваршик, слесарь болсын, құбыр шығаруға маман үйренеді. Соны алып қаламыз біз.
Кәсіпорын келер жылы жылдық өнім көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Меже орындалса, ішкі нарықпен қатар экспортқа да жол ашылады.
Шернияз Жалғасбекұлы, Қанат Махмутов