Шымкентте қаланы көгалдандыру ісі қолға алынды
Ұзындығы 7,5 шақырым болатын Әл-Фараби атындағы көше бойына қарағаш, шынар ағаштарының 16 мың көшетін егу жоспарланса, бүгін соның басым бөлігі егілді.
Сонымен қатар 5 ауданның Омбы, Момышұлы, Саттарханов және Уәлиханов атындағы басты көшелердің бойы мен Қазығұрт шағын ауданының аумағы тазартылды. Қураған шөптер орылып, күл-қоқыс жиналды. Ирригациялық жүйелер мен арық-атыздар аршылды. Жалпы эко-акцияға коммуналдық қызметкерлерден бастап, еңбек ардагерлері, мектеп мұғалімдері мен қоғамдық бірлестіктерден 500-ден астам адам үлес қосты. Олар халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру үшін, өзге де тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға шақырды.
Мауия Орынбаева, қала тұрғыны:
- Өзім мына Ұлы дала көшесінде тұрамын. Осы тазалықты естіп келіп тұрмын. Бүгін бізге күн де қарасып тұр. Жып-жылы. Әр қала тұрғыны қоршаған ортасын таза ұстаса одан кейін қала таза болады. Қала таза болса адамның санасы таза болады.