Жамбыл облысында шетелдіктерге жалған құжат жасаған адам анықталды

Жамбыл облысында университет қызметкері шетел азаматтарына жалған құжат жасағаны анықталды.

Тараз өңірлік университетінің маманы облысқа жұмыс істеу мақсатында келген мигранттарға "университет студенті" деген анықтама берген. Осылайша оқу орнына қатысы болмаса да 19 шетелдік, мемлекеттік оқу ордасының білімгері атанған. Оған қоса аймақтағы бірнеше колледждің 6 адамға анықтама бергені белгілі болды. Бұл құжат шетелдіктерге бір жыл бойы елде емін-еркін жүруге, тіркеуде тұруға мүмкіндік береді. Олардың басым көпшілігі Өзбекстан мен Түрікменстан азаматтары. Ал ағарту ошағында заңсыздықпен айналысқан қызметкер бірнеше ай бұрын жұмыстан шығып кеткен. Дегенмен прокуратура қызметкерлері күдіктінің жазаланатынын айтып отыр. Мониторинг нәтижесінде, әкімшілік құқық бұзған 180 шетелдікке ешқандай шара қолданылмағаны белгілі болды. Ол үшін көші-қон полициясы қызметкерлеріне де жаза қолдану қарастырылуда.

Асылхан Әбітбеков, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры:

- Шетел азаматтары Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылды. құжат жасаған адам қазіргі уақытта анықталды. Оның қазіргі уақытта жалғыз өзі немесе топпен жасағаны белгісіз. Қылмыстық кодекстің 385-бабы, 1-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Санкциясына сәйкес 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.