Ақмола облысында инклюзивті білім беруге арналған 36 кабинет ашылады
Ақмола облысында биыл инклюзивті білім беруге арналған 36 жаңа кабинет ашылады.
Қазір соның 30-ы пайдалануға берілді. Олар орта мектептерде орналасқан. Ерекше балаларды қолдау мақсатында жабдықталған сыныптарда арнайы білімі бар педагогтар сабақ береді. Ал, олар, мүгедектігі бар балалардың дамуына қаншалықты үлес қоса алады?
Бұл Атбасар қаласындағы №5 орта мектептің инклюзивті білім беру орталығы. Жақында ғана ашылған сыныпта қазір 26 бала тәлім алады. Ал олармен логопед, дефектолог және психолог секілді бірнеше маман жұмыс істейді.
Алина Димке, психолог:
- Бұл сынып әр баланың ашылып, ортаға бейімделуне мүмкіндік береді. Шығармашылық тұрғыда да септігі зор. Өйткені біз әр оқушымен жеке жұмыс жасаймыз. Осылайша біз балғындардың өз қатарластарымен бірге жетіліп, солармен оқуын жалғастырып кетуіне дейін мүмкіншіліктер қарастырамыз.
Дәл осындай инклюзивті кабинет бірер күн бұрын облыс орталығының іргесіндегі Ақкөл ауылында да ашылды. Әзірге орталыққа 12 бала тіркелген. Алдағы уақытта балалар саны арта түспек. Себебі сұраныс жоғары.
Бибігүл Сандыбаева, Аққөл орта мектебі директорының орынбасары:
- Иә, сұраныс бар. Ата-аналардың сұрауы бойынша бізде әлі бір 20 балаға көмек керек болып жатыр. Бұл жерде енді әртүрлі балалар ғой. Әртүрлі өздерінің денсаулықтарына байланысты, ерекшеліктеріне байланысты жұмыстар жасалады.
Қазір облыс бойынша осындай 75 сынып бар. Алда тағы ашу жоспарланған. Жалпы, әр кабинетті жабдықтауға шамамен 12 млн теңгедей жұмсалады.
Әсемгүл Сүлейменова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- 2029 жылға дейін біз жыл сайын осындай 20-30 сыныптан ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатта облыс қазынасынан 350 млн теңге бөлінеді. Бұдан бөлек жеке қорлар есебінен де қаржыландырылады. Мәселен, қазіргі 75 сыныптың жетеуі осындай қорлардың ықпалымен ашылды.
Аймақта айрықша білім беруді талап ететін 11 мыңнан астам бала тіркелген. Ал олардың 2 мыңға жуығының мүгедектігі бар.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный