Мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына 30 жыл толды

Биыл Мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына 30 жыл толды, деп хабарлайды 24kz.

Астанада осы мерейлі датаға орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Оған отандық ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік құрылым басшылары мен шетелдік сарапшылар арнайы шақырылды. Алқалы жиынға жиналған қауым мемлекеттік қызмет саласындағы заманауи үрдістер, мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру жайында пікір алмасты. Сондай-ақ сарапшылар жасанды интеллектіні қолдану жайында өз ойларын ортаға салды.

Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Бұл жерде біз алғаш мемлекеттік қызметке келген қызметшілерден бастап 3 жыл сайын біліктілігін арттыру курстарынан өткізіп отырамыз. Біздің алдымызда Мемлекет басшысының берген тапсырмалары бар. Сервистік аппаратты құру және адамға бағдарланған, яғни, мемлекет адам үшін Президентіміз айтқан қағидасына сай осы бағытта біз мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырумен айналысып жатырмыз.