Қазақстанда ерекше күтімді қажет ететін 732 мың адам тұрады
Елордада шетелдік мамандардың қатысуымен XI Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды 24kz.
Шарада неврологиялық мүгедектікті оңалтудың тың әдістерін енгізу, инновациялық технологияларды дамыту сынды мәселелер талқыланды. Жиында халықаралық сарапшылар елдегі реабилитологияның дамуына жоғары баға берді.
«Реабилитология мен курортологияның басым бағыттары» тақырыбында өткен басқосуда 7 панельдік сессия ұйымдастырылды. Жиында инновациялық оңалтудың техникалық құралдарын енгізу, неврологиялық ауруларды диагностикалау, ботулинотерапия мен ортездеуді қолдану, курортология мен реабилитологиядағы тиімді әдістер сынды тақырыптар қаралды. Конференцияға қатысушылар отандық медицинаға қатысты өз пікірлерін білдірді.
Елена Морозова, РФ Қазан мемлекеттік медицина академиясы балалар неврологиясы кафедрасының меңгерушісі:
- Аутизм белгілері бар және тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларды оңалту бойынша Қазақстан озық елдердің қатарында. Мұнда жүргізілетін ем-шаралар мен қолданылатын әдіс-тәсілдерден бөлек, бүлдіршіндермен қарым-қатынас құру жолдарын білу де өте маңызды. Бүгін мен бұл салада білімі мен тәжіриесі мол, үздік мамандар жұмыс істейтіндігіне көз жеткіздім.
Марк Дрейпер, Халықаралық даму жөніндегі директор:
- Мұнда кәсіби мамандар жұмыс істейді. Қазақстан науқастарды оңалту шараларын жүргізу бойынша үздік нәтиже көрсетіп отыр. Мен де осы шараға қатысып, оңалту тобының мүшесі болғаныма қуаныштымын.
Қазір елде ерекше күтімді қажет ететін 732 мың адам тұрады. Ол жалпы халық санының 3,6%-ін құрайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты. Министр балаларды оңалтуда медициналық, әлеуметтік және педагогикалық бағыттарды қамтитын мультидисциплинарлық тәсілдің маңызы зор екенін атап өтті. Оған қоса, айрықша қажеттілігі бар балаларды үй жағдайында оңалтудың цифрлық күнделігі енгізіліп жатыр.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, «Оңалтудың техникалық құралдары қажеттіліктерін бағалау және іріктеу» мен «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобаларын іске асыруға кірістік. Соның аясында іріктелген 157 баланың 73-і қазір үй жағдайында емделіп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, балалар аяқта нық тұрып, өздері отыра алатын деңгейге жетті. Қазір бұл бағыттағы инновациялық жобаларды дамыту қолға алынып жатыр.
Елде ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар іске асырылып жатыр. Министрлік сарапшылық қоғамдастықпен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Жыл сайын науқастарың оңалтудан өтуіне мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінеді. Қазір өңірлерде заманауи бағытта жабдықталған арнайы инновациялық орталықтар жұмыс істеп тұр.
Ираклий Пожарский, «Бека Рус» клиникалық енгізу бөлімінің маманы:
- Қазақстанда біздің компанияның үздік деп танылған құрал-жабдықтары тұр. Бұл құрылғылардың көмегімен елдің түкпір-түкпірінде науқастарды оңалту шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Азаматтардың денсаулық жағдайын жақсартып, бұл саланы одан әрі жетілдіру жоспарда бар.
Алдағы уақытта ерекше күтімдегі балаларды санаторлық-курорттық ем қабылдауға жіберу бойынша арнайы жоба іске қосылды. Келесі жылдан бастап айрықша қажеттілігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін субъектілер лицензияланады. Әлеуметтік қамсыздандыруға жеке кәсіп өкілдері тартылады. Одан бөлек, көмек пен қолдаудың қажетті көлемін анықтауға мүмкіндік беретін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі іске қосылады.
Авторы: Дильназ Тұрғазыева