Астанада мектеп оқушыларына арналған II Chess Class олимпиадасы басталды

Астанада мектеп оқушыларына арналған II Chess Class олимпиадасы басталды

Astana IT University қабырғасында Қазақстанның әр өңірінің мектеп командаларының басын қосқан II Chess Class олимпиадасы басталды. Турнирді Freedom Broker компаниясының қолдауымен KazChess/Қазақстан Шахмат федерациясы мен «Chess Legends LTD» ЖК өткізіп жатыр.

Биылғы жылы жарысқа еліміздің 12 аймағының 35 командасына және Астана қаласының 19 командасына өкілдік ететін 174 ойыншы қатысуда. Турнирдің жүлде қоры 3 000 000 теңге, жарыс аясында швейцариялық жүйе бойынша 7 тур өтеді.

Турнирдің ашылу салтанаты басшылардың құттықтау сөзінен және KazChess пен Astana IT University арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдан басталды. Келісім студенттерге шахмат білімін беруді дамытуға және шахматты кеңінен таратуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуге бағытталған.

 

«Федерация мектеп оқушылары арасында шахматты дамытуға ерекше көңіл бөледі: біз бұл ойынды бастауыш сыныптарда үйрету ісін алға бастырып, жыл сайын мұғалімдерді оқытамыз және мұғалімдер мен оқушыларға арнап бүгінгідей турнирлер өткіземіз. Дәстүрге айналған Chess Class олимпиадасы адал ойынның, салауатты бәсекелестіктің, спорттық рухтың және қызықты партиялардың нышаны болады. Білім беру шахматын дамыту – әлемдік тренд және Қазақстан оның көшбасшыларының бірі болып отыр», - деп атап өтті KazChess атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Биылғы олимпиадаға қатысатын әр команда төрт мектеп оқушысынан және бір мұғалімнен тұрады. Қатысушылар жас санаты ескеріліп тиісті тақталарға бөлінген, бұл: жоғары сынып оқушылары (17 жасқа дейін), төменгі сынып оқушылары (12 жасқа дейін) және де қыздардың қатысуы міндетті. Сондай-ақ мұғалімдер бөлек тақтада, рейтинг бойынша шектеусіз өзара жарысады. 7 турдың қорытындысы бойынша үздік 5 команда мен үздік 3 ойыншы марапатталады.

II Chess Class олимпиадасы – Қазақстанның білім беру жүйесінде шахматты кеңінен таратудың ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Қазіргі уақытта KazChess бейіндік ведомстволармен және серіктестермен ынтымақтаса отырып, 550 мектепте 1-сыныптарға арнап «Шахмат негіздері» бағдарламасын енгізді, 42 мектепте бағдарламаны 2-ші сыныптарға енгізу жалғасып жатыр.

Арнайы әзірленген бағдарлама бойынша 700-ден астам мұғалім тегін оқып жатыр, оқу шеңберінде оларға онлайн курстар және біліктілкті арттыру курстары ұйымдастырылған. Жоғары оқу орындарымен бірге «Шахмат педагогы» minor бағдарламасы әзірленіп жатыр, ол 2025-2026 оқу жылында іске қосылады деп жоспарланған.

Сонымен қатар Федерация мен SDU University бірлесіп оқушылардың математикалық қабілетіне шахматтың әсерін зерттеуге бағытталған ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр.

Алдағы уақытта Үкімет өткен жылы қабылданған Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес KazChess мектептерде шахмат кабинеттері желісін кеңейтуді, студенттердің және мектеп оқушыларының шахмат лигаларын дамытуды, сондай-ақ мұғалімдерге арналған онлайн турнир өткізуді жоспарлап отыр.

Chess Class олимпиадасы шахматты жай ғана спорт емес, сонымен қатар өмір салты деп есептейтін мектеп оқушыларының зияткерлік қоғамдастығын құру жолында жасалған келесі қадам болмақ.