Жетісу облысында 120 мемлекеттік қызметші заң бұзған
Биыл Жетісу облысындағы 120 мемлекеттік қызметші кәсіпкерлікке қатысты заңды бұзған, деп хабарлайды 24KZ. Прокуратура тексерісі нәтижесінде олқылыққа жол берген лауазым иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Экономиканың қозғаушы күші саналатын салада әлі де түйткілді мәселе көп. Кәсіп иелерінің көкейкесті проблемалары өңірдегі кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғауға арналған жиында талқыланды.
Марат Байтарақов Текелі қаласы маңында шаңғы базасын салған. Туризм саласына 800 млн теңге жұмсадым деген кәсіпкер бірнеше жылдан бері инфроқұрылымның тартылмай тұрғанын айтты.
Марат Байтарақов, кәсіпкер:
- Бізде электр тогы жоқ. Ауызсу жоқ. Текелі қаласынан кешенге дейінгі 3 шақырым жолға өзіміз қиыршықтас төгіп, тегістеп қойдық. Мәселеміз шешілсе, туризм саласы дамып, тынығушылар көптеп келетін еді.
Ал Андрей Агиенко әкесінің атында болған егістік жерді Ескелді ауданының әкімдігі мемлекет меншігіне қайтарып, содан кейін басқа қожалыққа беріп жібергеніне қарсы. Заң талаптары бұзылғандықтан, ол облыстың бас прокурорына шағымданған.
Андрей Агиенко, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Мәселеге құқықтық баға беріліп, жан-жақты қаралады деген ойдамыз. Дұрыс шешім шығарылып, ары қарай да жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе деп отырмыз.
Басқосуда ұсыныстар айтылып, кәсіпкерлердің көкейінде жүрген 10-нан аса мәселе көтерілді. Әрқайсысы бойынша енді тексеріс жүргізіліп, жер дауы жеке қарастырылады.
Серікқали Күшәлиев, Жетісу облысы прокурорының орынбасары:
- Жиында жер мәселесіне қатысты көп сұрақ көтерілді. Осы сұрақтарға байланысты облыс прокуратурасында комиссия құрылады. Сол комиссияда осы сұрақтарды қараймыз.
Жалпы жыл басынан бері облыс прокурорлары 4500-ден аса кәсіпкер мен 30 шақты инвестордың шағымын қарап, құқығын қорғаған.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.