Ерекше күтімдегі балалар велоспортпен шұғылдана бастады
Елде аутизмі бар балалар алғаш рет велоспортпен тұрақты түрде айналысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды 24kz.
Астанада «Велоспорт – баршаға» жобасы аясында ерекше күтімдегі жасөспірімдердің қатысуымен бірлескен жаттығу өтті. Спорттық шараға арна тілшілері де барып қайтты.
«Сарыарқа» велотрегінде өткен спорттық шараға 30 адам қатысты. Айрықша қажеттілігі бар балаларға арнайы форма, құрал-жабдық, велосипедтер мен көлік сатып алынды. «Velolegend» клубының мақсаты – балаларды жаттықтырудан бөлек, оларды халықаралық жарыстарға шығару және елде паравелоспортты дамыту.
Қайрат Хадылбек, «Velolegend» клубының жаттықтырушысы:
- Бізде ең басты мақсат – спорттық нәтижелер көрсету. Ол жай ғана секция емес. Әр балаға жеке қарау керек. Балалар әр түрлі. Кейбір балалар 2-3 жаттығудан кейін үйреніп кетеді. Кейбір балаға 3-4 ай керек. Баланың поведениесіне, физический, моральный осы тренерлар болып жұмыс жасаймыз.
Іріктеулен өткен отыз оқушы орталықта аптасына үш рет велоспортпен шұғылданады. Ол аутизмі бар жеткіншектердің төзімділігі мен эмоционалдық көңіл-күйіне әсер етіп қана қоймай, қоғамға бейімделуіне де септігін тигізеді. «Қос дөңгелекті көлікті меңгергелі балалардың қозғалыс дағдылары да жақсара түскендей», - дейді ата-аналар.
Ырысты Қабдуллина, ата-ана:
- Немерем менің Қалиев Амир. 11 жаста. Балаға өте жақсы көмек береді. Бұрынғыдай емес. Бұрын қорқақ, отыра алмайтын. Оның бәрін үйретті ғой қазір. Велосипедпен жүреді, жақсы жүгіреді. Ұнатады өзі велосипедті.
Алмаз Садықов, ата-ана:
- Ерсұлтан біздің ерекше баламыз. Ол он жаста. Біз оған сай келетін спорт түрін ұзақ іздедік. Бұған дейін жүзу, футбол сынды секцияларға барып көрдік. Қаламызда велоспорт клубының ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұл оның физикалық дағдыларын дамытып, әлеуметтік ортаға сіңісуіне ықпал етеді. Ерсұлтан бүгін жылдамдықты әдеттегіден арттырып, жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы уақытта үлкен турнирлерде бой көрсетеміз деген сенімдемін.
Соңғы кезде елде ерекше күтімді қажет ететіндерге арналған оңалту орталықтары, мектептерде инклюзия кабинеттері және тегін спорт секциялары ашылып жатыр. Ал ауылдық жерлерде спорт алаңдары, ал қалаларда ірі кешендер бой көтеріп келеді.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Жарқын Өрден