Атбасарда судан зардап шеккендерге берілген баспана сапасыз болып шықты

Атбасарда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға берілген баспананың сапасы нашар болып шықты.

Қыс басталмай жатып пәтердегі жылу желілерінен ақау шығып, қабырғаларына сызат түскен. Терезелерден жел үрлейді - дейді тұрғындар. Билік өкілдері бұл жағдайды біледі. Кеткен кемшілікті көпке созбай қалыпқа келтіреміз дейді.

Тамыз айының соңында баспаналы болған атбасарлық 200 отбасы бөркін аспанға лақтыра қуанған еді. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылмады. Бір ай өтпей жаңа үйлерден ақау шығып, тұрғындарды әбігерге салған.

Иван Терзиди, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Біз қоныстанған кезде көңіліміз көтеріліп,  кемшіліктерді байқамадық. Уақыт олқылықтар шыға бастады. Ең алдымен жылу желілері бұзылды. Батереялар жарылыр, үйді су басты. Тұрғындар өз күшімен бәрін кептіріп, ауыстырды. Қазір үй іші суық.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Пәтерлердің көбі осылай қаңырап тұр. Себебі тұрғындар сапасыз салынған баспанаға көшуден қауіптенеді. Ал жоғары қабаттағы қабырғалардың түрі мынау. Сөгіліп, жарылып жатыр.

Сапасыз баспанаға көше алмай жүргендер Үкіметтен көмек сұрайды. Олар құрылыс кезінде кеткен қателіктерді тез арада қалыпқа келтірсе дейді.

Сәуле Хәлімбетова, Атбасар қаласының тұрғыны:

-  Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлер сапасыз болады деп ойламадым. Тасқыннан зардап шеккен қаншама тұрғын қиналып жүр. Олардың арасында мен секілді мүгедектігі бар адамдар бар мен балалар бар. Осы олқылықтарды ретке келтіруді талап етеміз.

Жалпы 200 пәтерлі қос үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Оған 2 миллиардтан астам теңге бөлінді. Бірақ арада бір жыл өтіп құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмыс тоқтап қалды. Жергілікті билік мердігерлермен соттасып, басшылары қамауға алынған. Биыл бюджеттен тыс, яғни қайырымдылық қоры есебінен 618 млн теңге бөлініп жұмыс қайта жанданды. Сондықтан үйлердегі негізгі ақау баспана біраз уақыт бос тұрып қалғасын шығып жатыр, - дейді аудан әкімі.

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

- Каждый пәтерге біз дефектный акт жасап, қай пәтерде қандай кемшілік бар соның бәрінің переченін алып, қазір екінші подрячиктің кеткен кемшіліктерді толығымен жөндеп жатыр. Бұл үйдің екі жыл гарантиясы бар.

Айдын Әміров, құрылыс учаскесінің басшысы:

- Бұл жыл тұрып қалған үй болған. Содан кейін біз қолымызға алып істедік. Ақаулар шықпайды емес шығып жатыр. Бәрін осы Алла жазса осы айдын аяғына дейін бітіріп береміз түгел.

Атбасардағы ахуалды облыс прокуроры да бақылауға алды. Тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайды, дейді олар.

Руфат Құттықов, облыс прокуроры:

- Менің тапсырмамен Атбасар ауданының прокуроры құзырлы органдармен барып жанағы осындай мәлімет алғасын тексеріс жүргізді. Қазіргі күні ол бойынша біз өз құзыретімізге байланысты ұсыныс еңгіздік. Мына олқылықтарды, жасалмаған жұмыстарды тез арада жою мәселесін қойып, қазір ол жұмыстар жасалып жатыр.

Қазір құрылысқа жауапты мердігер компания пәтерлерде анықталған ақауларды қалыпқа келтіруге кіріскен. Үй екі жылға дейін кепілдікте болғандықтан бүкіл кемшілікті жою соларға жүктеледі. Ал жөндеу жұмыстарының сапалы ожүргізілуін жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауға аламыз деп отыр.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный