Астанада төрт баланың өмірін жалмаған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

Астанадағы екі қабатты тұрғын үйде болған өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетейік,  жеке сектордағы үйдің шатырынан өрт шығып, төрт бала қаза тапты. Таңғы сағат тоғыз шамасында төтенше жағдайлар департаментіне қоңырау түскен. Құтқарушылар апат орнына 6 минутта жеткен. Қызыл жалын 500 ш.м. алаңда оқшауланып, толығымен сөндірілді. Алайда, бүлдіршіндерді құтқару мүмкін болмады. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше қайтыс болған балалардың екеуі 9 және 13 жастағы жасөспірімдер. Ал кішілері 2 және 3 жаста болған. Қазір оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр. Қаза тапқандардың жақындарына апаттар медицинасы орталығының психологтары көмек көрсетіп жатыр. 

Бақытжан Мауленбердиев  Астана қаласы ТЖД "ӨС ЖӘНЕ АҚЖҚ" РММ бастығының міндетін атқарушы:

- 17 қараша 2024 жыл екі қабатты тұрғын үйде шатыр жақтан келіп түсті. Өрт орнына 6 минутта құрам келіп жетті. Өрт кезінде шатыр өртке оранған. 4 баланың денесі табылды. 8 техника жұмылдырылды. Өрт 09:58-де оқшауланды. 10:44 минутта жойылды. 

Шатыры жартылай опырылып, өрт болған жекеменшік екі қабатты үйде екі отбасы тұрған. Астана қаласы әкімдігі оларға қажетті көмек көрсетеді. Оларға материалдық, тұрғын үй және басқа да қажетті жәрдем беріледі. Ал екінші отбасы уақытша баспанаға орналастырылды. Әкімдік қызметкерлері олармен тұрақты байланыста отыр. Қара жамылған жандарға 24кз арнасының редакциясы атынан қайғыра көңіл айтамыз.