Қызылорда облысында 741 шақырым электр желісі жаңартылды
Қызылорда облысында биыл 741 шақырым электр желісі жаңарды, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша, орташа тозу көрсеткіші 62%-ті көрсетті. Дегенмен, өңірде жел тұрса, жарығы сөніп қалатын ауылдар аз емес. Мәселені шешу үшін қандай шаралар қолға алынады?
Нұрлан Жақыпбек, тілші:
- Шиелі ауданы бойынша электр желілерінің 71%-і тозып тұр. Ауа райы құбылған кезде ескі сымдар үзіліп, тұрғын үйлердің жарықсыз қалу жағдайы жиі қайталанады. Биыл Жиделі, Бидайкөл, Әбділдә Тәжібаев ауылдары мен аудан орталығындағы жарық желілерін жаңарту жұмыстары басталды. «Бұл жұмыстар атқарылғаннан кейін, тозу көрсеткіші 1,5% төмендейді», - дейді мамандар.
Аман Дана, Шиелі аудандық құрылыс, сәулет бөлімінің басшысы:
- 27 шақырымдай электр желілері 0,4, 10 Квт желілер ауыстырылады. 10 трансформатор ауысады. Сондай-ақ 2,5 мыңдай үйге кіргізіледі.
Мамандар аудан бойынша 17 ауылдық елді мекеннің электр жүйесін жаңғырту қажет деп отыр. Ол үшін жобалық-сметалық құжат дайындалған. Аудандағы жарық желілерінің басым бөлігі жарты ғасырдан бері жаңартылмаған.
Көшкенбай Ерубаев, Ақтам ауылының тұрғыны:
- Шындап келгенде бұның барлық жалғанғандарының бәрі ескі ғой. Қанша жыл болды бұған. Жел тұрса, өшіп қалады. Хабарласып жаққызады, әйтеуір. Халыққа сол жарық, су болса, халықтың жағдайы жақсы болады ғой. Тірлігінде істейді.
Қызылорда облысында әртүрлі кернеудегі 10 мың шақырымнан асатын электр желісі мен 2 мыңға жуық қосалқы станция бар.
Медет Усаин, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Электр желілерінің тозу деңгейі 66%-ті құрайды. Ағымдағы жылы 11 млрд теңгеге 741 шақырым электр желілері мен 127 дана қосалқы станцияға күрделі жөндеу, 45 шақырым электр желілері мен 48 дана трансформаторға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде тозу деңгейі 62% дейін төмендеді.
Келесі жылы да өңірде құны 15 миллиард теңге болатын электр желісін жаңғырту жобасы жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар Шиелі ауданында күн электр станциясын салу жоспарланған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев