Елімізде шала туған шақалақтарды аман алып қалу көрсеткіші 4 есе өсті

Бүгін – Халықаралық шала туған нәрестелер күні. Әлемде жыл сайын 15 млн бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді, деп хабарлайды 24kz.

Неонатолог-дәрігерлердің біліктілігі мен медицинаның қарыштап дамуының арқасында оларды аман алып қалу көрсеткіші соңғы 15 жылда 4 есеге өсті. Ана құрсағынан асығыс шыққан шақалақтарға қалай күтім жасау керек? Оның дамуында қандай ерекшеліктер бар?

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Самал Түсіпбек осыдан он ай бұрын ұлды болды. Нәрестенің салмағы 2 келі 250 грамм. Айтуынша, алғашында дәрігерлер құрсақтағы бала 20 аптаға да жетпей, шала тууы мүмкін деп болжаған. Алайда, дұрыс күтімнің арқасында жүктілік мерзімі 8 айға дейін созылған.

Самал Түсіпбек, қала тұрғыны:

- 35 апта деген мерзімінен ерте туған болып есептеледі екен. Менде денсаулық жағынан ақаулар болды. Жүктілік өте ауыр болды. Сондықтан баланы қарауға алып қалды. Қазіргі жағдайымыз жақсы. Даму жағынан еш қалып жатқан жоқпыз.

Елде жыл сайын 20 мыңнан астам бала шала туады. Бұл жалпы дүниеге келген сәбилердің шамамен 5 пайызын құрайды.

Сақыпжамал Салмұратова, дәрігер-неонатолог:

- Барлық әйел 9 ай көтеремін, қолыма сау баланы аламын деп ойлайды. Ал мына жағдайда алақандай ғана нәресте туған уақытта әйелге ол үлкен қорқыныш, үрей. Сол үшін ол кісілермен стационарда психологтар жұмыс істейді. Біз де әрдайым көмек беруге тырысамыз.

Мұндай сәбилердің өкпесі, жүрегі, ішегі, кейде көру қабілеті дұрыс жетілмей қалу қаупі бар. Иммунитеті де әлсіз. Сондықтан олар тәулік бойы дәрігерлердің қадағалауында болады. Алайда «Шала туған нәрестелер ерекше жігерлі болады», - дейді дәрігерлер.

Шұғылажан Атыбарқызы, қалалық перинаталдық орталық директорының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары:

- 500-600 грамм сәби ол іште жатқан кезде ем алып жатқан бала сияқты сырт көзге солай көрінгенмен, негізінде ол бала өзінің өмірге деген күресінде өзі де қатысып жатыр. Өзі де сезініп жатыр. Ол өмірге арпалысып жатқан сол кездегі мінез дәл сол кезде куиздің ішінде қалыптасады деп ойлаймыз.

Перинатология саласындағы озық технологиялар дене салмағы 1000 граммнан төмен нәрестелердің денсаулық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Елдегі 39 перинаталдық орталық заманауи қондырғылармен жабдықталған. Нәтижесінде соңғы 15 жылда нәресте өлімінің көрсеткіші 3 есеге дейін төмендеді. Шала туған балалардың аман қалу көрсеткіші 4 есеге дейін өсті. «Бұл – Орталық Азия елдері арасындағы үздік көрсеткіш», - дейді мамандар.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Абдулхамит Бөлекбаев