Емханаларда науқастар үшін биометриялық тексеріс жүйесі енгізілді
Емханаға қаралатын науқастар үшін биометриялық тексеріс жүйесі енгізілді, деп хабарлайды 24KZ. Дәрігер қабылдауына келген әр науқас Face ID және веб-камера көмегімен расталады.
Мұндай жүйе науқастың емханаға келген, келмегенін, сондай-ақ дәрігерге қаралған, қаралмағанын көрсетеді. Яғни, жалған есептеу болмайды және бюджет қаражаты мен сақтандырылған азаматтар жарналарының мақсатсыз жұмсалуына жол бермейді.
Жоба әзірге пилоттық режимде жұмыс істейді. Жыл соңына дейін осындай жүйе елордадағы 48 емханада іске қосылады. Денсаулық сақтау министрлігі келер жылдан бастап республиканың барлық емханаларына енгізбек.
Жансая Қалилаева, Республикалық алғашқы көмек көрсету орталығы профилактика бөлімінің меңгерушісі:
- Тамыз айының аяғынан бастап ең алғаш рет біздің орталыққа Face ID енгізді. Face ID көмегімен біз науқас нақты түрде қабылдауда болды ма, болмады ма, соны анықтайды. Face ID болғандықтан, науқас мен қабылдауда болғаным жоқ деп айта алмайды. Бұл «приписка» деп. Өйткені суретке түсіріледі. Суретке түсіріп, расталғаннан кейін запись түсіріледі.
Абылай Жарылқасын, Астана қаласының тұрғыны:
- Қазіргі таңда цифрландыру жүйесі қарқынды дамып келеді. Сол себепті біз ондайға үйреніп қалдық. Face ID адамның жеке басын куәландыратын жүйе болып табылады ғой қазір. Сол себепті ешқандай ыңғайсыздық тудырмайды. Керісінше, тиімді деп ойлаймын.