Жетісу облысында есірткі саудасын әшкерелеуге киберволонтерлер жұмылдырылады
Киберволонтерлер іске кірісті. Жетісулық полиция жастарды зиянды химиялық қоспаны сатқан әрі жарнамалаған дүкендерді әшкерелеуге баулып жатыр.
Биыл өңірде есірткі сатқан 90-ға жуық сайттың жұмысын анықталған. Бірақ интернет дүкеннің бірі жабылып жатса, екіншісі ашылып жатады. Сондықтан құзырлы орган өкілдері: «Белең алып бара жатқан қылмыспен жұмыла күресуіміз керек», – дейді.
«Киберволонтер» қозғалысына ІТ мамандығында оқитын 20 студент қабылданды. Олар есірткі сататын сайттар мен әлеуметтік желілерді анықтап, көпқабатты үйдің қабырғасына жазылған жарнамаларды «UPN-JETISU» деп аталатын полицейлердің Telegram чатына жіберіп отырады.
Әділ Жанатұлы, студент:
- Менің мақсатым қазіргі кезде, есірткі таратушылар көбейіп кетті, мен солармен күрескім келеді. Қоғамға көмектескім келеді. Осы қазіргі дертті – есірткінің таралуын тоқтатқым келеді.
«Адам ағзасын улайтын химиялық қоспалардың бәрі онлайн дүкен арқылы саудаланады. Оның ұйымдастырушысын ұстау – қиынның қиыны. Себебі басшылары шетелде, ал қара жұмысшылары – өзіміздің қаракөздеріміз», – дейді саладағылар. Биылдың өзінде облыс полицейлері қылмыстық жолмен табыс тапқысы келген 67 адамды ұстаған.
Меруерт Ысқақова, ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Жыл басынан бері 450 келіден аса есірткі тәркіленді. Оның ішінде 58-ден аса синтетикалық есірткі. Жыл басынан бастап екі «подпольный нарколаборатория» ашылды. Біреусі өзіміздің Полиция департаментімен, біреуі ҰҚК-мен ашылып жойылды.
Есірткі сататын сайттарды анықтап, оның жабылуына атсалысқан жастарға келер жылдан бастап сыйақы беру жоспарланған. Сол арқылы полицейлер қоғам белсенділерін ынталандырып, нашақорлыққа қарсы күресті күшейтуді көздеп отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.