Маңғыстауда «Sax Invest» қаржы пирамидасы бөлімшесінің басшысы ұсталды
Маңғыстау облысында «Sax Invest» қаржы пирамидасы бөлімшесінің басшысы, ал елордада компанияның директоры ұсталды.
Сонымен қатар алаяқтық әрекетті ұйымдастырушының өзіне халықаралық іздеуде деп жарияланды. Қаржы мониторинг агенттігі аталған ұйымның құрылымдық бөлімшесін басқарғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тексеру нәтижесінде компания тіркеуден өтпеген болып шықты. Яғни ұйым өзінің жылдық табысы 36%-ға дейін болатынына сендіріп, жарнамалаған. Әрі инвестициялық қор және Африкадағы гауһар тастарды өндіру жөніндегі жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде көрсеткен. Алайда оның қаржылық жағдайы мен активтері жайлы еш ақпарат болмаған. Оған 2018 жылдан 2022 жылға дейін 1000-нан астам адам 1 млрд теңгеден аса қаражат аударған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.