Алматының іргесіндегі ауыл халқы жол азабын тартып отыр

Алматының іргесіндегі Жармұхамбет ауылының  тұрғындары таңертең жұмысқа, кешкісін үйіне жете алмай қиналып жүр.

Себебі теміржол өткелінде үнемі көлік кептелісі болады. Кейде 2-3 сағат тұрып қалады. Жол азабынан әбден шаршаған тұрғындар жергілікті биліктен жағдайды реттеуді сұрап келеді.

Алмас Садуақас, тілші:

«Бұл маңнан көлік жүргізушілері оңайлықпен өте алмайды. Жармұхамбет ауылына апарар жалғыз жол осы. Күре жол мен теміржол қиылысқан тұста өткел бар. Өткел жабылғанда ұзын-сонар көлік кептелесі қалыптасады».

Жармұхамбет Индустриалды аймақтың маңында орналасқан. Түрлі зауыт-фабрикалар мен өндіріс орындары көп. Ауыл кіреберісінде теміржол өткелі бар. Міне осы өткелдегі ретсіз қозғалыс ауылдың басты проблемасына айналды.    

Сансызбай Жаңабаев, Жармұхамбет ауылының тұрғыны:

- Кешкісін 5-тен кейінгі уақытта ел жұмыстан қайтқан кезде мына жерде кептелістің көккесі болады. Бір-бірін қағады. Күнде бір авария болады әйтеуір. Жүк машина деген көп. Жол бермейді. Жол да жасалмаған. Ойық, шұңқыр бәрі. 

Саят Тұмабаев, Жармұхамбет ауылының тұрғыны:

«Бірінші мәселе мынау переезд бізде. Таңертең жұмысқа елдердің бәрі шыға алмайды. Кешкісін кіре алмайды. Жабылған кезде 5-10 минут емес, жарты сағат, 1-2 сағат. Соңғы кезде 3-4 сағат жабылып қалып жатыр». 

Кептелісте шыдамы таусылғандар ереже бұзып, жолдың қарсы бетімен жүреді. Бұл да қозғалысты қиындатады. Алматы облыстық автомобиль жолдары басқармасының  хабарлауынша  биыл «Алматы-Шамалған-Ұзынағаш» бағытындағы  облыстық маңызы бар жолдың  1-24 шақырымы аралығында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Алайда дәл осы  өткел арқылы  айналма жол салу әзірге жоспарда жоқ. Бірақ, Алматы қаласы шекарасынан Сайын көшесін ұзарту жұмысы басталды. Ол  Үлкен Алматы айналма жолына қосылады. Ұзындығы 7 шақырымға жуық. «Осы жол  аяқталғанда Жармұхаммед ауылындағы темір жол өткелімен жүретін көлік  ағыны азаяды»,-дейді жауаптылар.   

Абылай Жәнібеков, облыстық  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  басқармасы  басшысының орынбасары:

«Осы Сайын көшесін толықтай қолдануға берілген кезде, яғни 2025 жылы жоспарланып отыр толықтай аяқтау. Автомобиль санын азайту мәселесінің бірқатар шешімі осы Сайын көшесі құрылысы аяқталған кезде толықтай шешіледі деп ойлаймыз».

Әзірге Сайын көшесін ұзарту жұмысы  80% аяқталды. Кептелістің тағы бір себебі  -  өткелде  жүк вагондары ұзақ аялдайды.  Ауыл тұрғындары жауапты компания олардың қозғалыс графиігін қайта қарастырса  дейді.  

А.Садуақас, С.Жұмабаев