Шаруаларға жеңілдетілген несие желтоқсан айынан бастап беріле бастайды

Көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін қаржыны кешіктірмей төлеу үшін шаруаларға жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап беріледі.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі шаруалардан өтінімдер қабылдауды бастаған. Олжас Бектенов бұл шараларды кешіктірмей қолға алып, қаржыландыруды межелі мерзімде аяқтауды тапсырды. Жалпы ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 700 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл – рекордтық көрсеткіш көлеміндегі сома. Отырыста сондай-ақ күзде жиналған астықты сақтау мәселелері қозғалды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елдегі элеваторлар 43% жүктелген. Қазіргі уақытта элеваторлардың тәулік бойы жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне тұқым және тыңайтқыштар импортына тәуелділік деңгейін төмендету жұмыстарын одан әрі жалғастырып, салада жаңа өндіріс орындарын құруды тапсырды.