Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы маманы жетіспейді

Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласында білікті маман тапшы.

Қазір өңірге комбайнерлер, механизаторлар, тракторшылар мен агрономдар ауадай қажет. Зейнетке шыққан тәжірибелі мамандардың орнын басатын жастар аз. Мәселе жыл сайын күрделеніп барады.

Биыл облыста 190 мың гектар жер егіс алқабына берілді. Оның 85 мың гектарынан күріш жиналған. Әр гектардан 58 центнер өнім алынды. Еліміздегі астық қоймаларына жарты миллион тоннаға жуық күріш жеткізілген. Өңірдегі мал шаруашылығы да қазір қарқынды дамуда.

Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Бұл жерде айта кету керек, симментал тұқымы Чехиядан алып келді. Бұл іске қосылды. Жоспарымыз енді 1500 басқа арналған үлкен тауарлы сүт ферма. Осы Қызылорда қаласын сүтпен қамтамасыз ету мақсатында. Бұл жобаға байланысты тиісті жұмыстар басталып та кетті. Келесі жылы бірінші этап, дейміз ғой, 600 басқа арналған іске қосылады. Келешек манағы 1500 басқа дейін кеңейтетін боламыз. 

Бүгінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешені суды үнемдеу мен жүйені автоматтандыруға көп көңіл бөліп жатыр. Дегенмен жаңа өндіріс орнында жұмыс істейтін маман тапшы. Нағи Ілиясов атындағы Сырдария ауылының тұрғыны Еркебұлан Ерәлиевтің 5 мың гектар егістік алқабында 400-ден аса жұмысшы бар. Бірақ шаруашылық басшысы білікті мамандардың жоғын айтады.

Еркебұлан Ерәлиев шаруа қожалығының басшысы:

- Жылдан жылға күрделеніп келе жатқан нәрсе. Қазіргі таңда механизаторлар жетіспегендіктен көрші ауылдардан, көрші облыстардан келіп істеп жатақн жұмысшылар бар.

Болат Ахметов, тракторшы:

- Жастар көбі шаруашылықта істей бермейді. Өйткені айлық аз дейді. Сосын қалаға, ақшасы көп жерге кетеді. Кредиті бар, ипотекаға үй алған. Жастар болғаннан кейін ауылда белгілі ғой, көбі таңның атуы, күннің батуы – шаруашылықтағы жұмыс.

Ауыл үшін ауадай қажет мамандарды Қызылорда аграрлық-техникалық колледжі оқытады. Жыл сайын 140-тан астам студент оқуды аяқтайды. Бірақ мамандық бойынша жұмысқа орналасатыны аз.

Бағдат Бисембаев, Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің оқытушысы:

- Ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін бітірген 10 баланың үшеуі ғана мамандық бойынша ауыл шаруашылығына жұмысқа тұрды. Ал зоотехника мамандығы бойынша 14 баланың ешқайсысы жұмысқа тұрған жоқ.

Мағрипа Әйтенова Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің оқытушысы:

- Дәнекерлеуші технигі, газбен қамтамасыз ету технигі, электрик, бұлардың барлығы практикаға барған кезде ешқандай қиыншылықтар туындамайды. Ауыл шаруашылығы бойынша біз бұлай мақтана алмаймыз. Өндіріс орыны бар, бірақ олар қабылдамайды.

Өңірде агроөнеркәсіп кешеніне қажетті мамандарды тарту үшін қолайлы жағдай жасалуы керек,- дейді фермерлер. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы секілді жобалардың санын арттырса, жас мамандарды ауылға әкелуге болатынын айтады. 

Асланбек Шығыр, Райхан Тәжібаева, Нұржан Мұзарапшин