Қостанай облысында 621 шаршы шақырым жерді әлі су басып жатыр

Қостанай облысының Қарасу ауданында әлі күнге 621 шаршы шақырым аумақты су басып жатыр.

Негізгі электр желісінің, күре жолдардың біраз бөлігі су астында. Көктемде бес көл қосылып арнасынан тасыған судың бетін қайтару үшін 14 шақырым жасанды канал қазылды. Бірақ су деңгейі онша түсе қойған жоқ.

Қостанайдан Қарасуға баратын тас жолды көктемнен бері су басып жатыр. Аудан орталығына тек Әулиекөл арқылы айналма жолмен ғана жетуге болады. Кейбір бағыттағы ішкі жолдар да жырылып, ауылдармен көлік қатынасы үзілген. 

Сейітсәруар Көлбаев, Қарасу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

- Төтенше жағдайлардың туындауына байланысты бізге екі жолды жыруға тура келді. Мынау Қарасу-Севастополь тас жолы, и мынау Қостанай-Большая Чураковка жолын судың астында қалуға байланысты канал жасадық. Бес ауылды округ бізде келесі жақта қалып қойды. Қатынас бар. Қайық осында бір постта дежурит етеді. Адамдар келген, бәлнеске келген адамдар азық-түлікке келген адамдарды қайықпен арғы бетке шығарып тұрамыз.

Арғы бетте қалған ауыл тұрғындары Сарыкөл арқылы Қостанайға да бара алады. Оларға көрші ауданның ауруханасына қаралып, басқа да мемлекеттік қызметтер алуына жағдай жасалған.  

- Гидропост номер два ответ штабу. Гидропост номер два  разрыв автодороги на выезде села Новоселовка на данный момент у нас все стабильно.

Қауіпті аумақтардағы төрт гидробекетте төтенше жағдайлар қызметкерлері күні-түні кезекшілік жүргізеді. Олар су деңгейін бақылап, қандай жағдайда болсын адамдарға көмек көрсетуге дайын. Жаз бойы жайылған судың беті қайта қоймаған соң, облыс басшылығы батыл қадамға барып, шұғыл түрде жасанды канал қазуға бел буды. Шілде айында басталған канал құрылысы, қазанның 26-да аяқталды.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Жазық далада жайылған суды ағызып жіберу үшін қазылған мынау каналдың жалпы ұзындығы 14 шақырым, тереңдігі 14 метр де, ені 40 метр. Осы канал бойымен күніне 2 миллион текше метр су Құндызды өзеніне барып құйылады. Алдағы көктемде тасқын судың қаупін сейілту үшін кемінде 400 миллион текше метр суды осы каналмен ағызып жіберу керек.

Канал ашылғаннан бергі он шақты күннің ішінде 20 миллион текше метр су ағызылған. Қазгидрометтің болжамынша көктемде Қарасуға бір жарым миллиард текше метрден артық су келген. Ең болмағанда келесі тасқынға дейін соның жартысын азайтып үлгірсек деген үміттері бар. Бастысы электр бағандарының қирап,бұзылуына жол бермеу. 

Мирас Жәкіжан, Қарасу ауданы әкімінің орынбасары:

- Сегіз шақырым электр желісі сол көктемнен бастап, қазіргі таңға шейін судың астында қалуда. Аудан бойынша 15 баған судың астында құлады. Бірақ қазіргі таңда соған параллельно резервный бағандар орнатып жатыр. 0202 Электр жарығы бар. Резервный генераторлар алынған ЧС ретінде. Жұмыс ол жағынан атқарылып жатыр.

Канал іске қосылғаннан бергі аралықта су денгейі 40 сантиметрге төмендеген. Бірақ күткендегідей мөлшерде азаяр емес. «Жер асты суының көзі ашылып кетіп, сол көтеріліп жатыр ма?»деген жорамал бар. Оның себебін зерттеу үшін жақын арада Астанадан сала мамандары мен ғалымдар келеді.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг