«Акваөсіру туралы» жаңа заң жобасында қандай жеңілдік бар?
Мәжілісте бүгін «Акваөсіру туралы» заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды 24kz.
Құжат тұрғындардың балық өнімдерін тұтыну көлемін арттыруға, экспортты ұлғайтуға және импортты алмастыру көлемін арттыруға жәрдемдеседі. Себебі, депутаттардың айтуынша, бұл салада шешімін табуға тиіс мәселелер бар. Құжатта жоғарыда айтылған бағыттардан бөлек, тағы қандай мәселелер қамтылған?
Заң жобасында елде балық шаруашылығымен айналысатын жаңа субъектілер құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту, браконьерлікпен күрес, ғылыми зерттеулер жүргізу, салаға инвесторларды тарту тетіктері қарастырылған. Құжатты талқылау барысында балық шаруашылығын дамыту әлеуеті зор екендігі айтылды. Соған қарамастан былтыр елде 64,5 мың тонна ғана балық өндірілді. Ал 2030 жылға дейін қойылған мақсат – 270 мың тоннаға жеткізу. Сол себепті балық шаруашылығын дамытуды құқықтық реттейтін тетіктерді заңмен бекіту мәселесі өзекті.
Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тағы бір мәселе. Банкке барғанда ақшаны арнайы құралда санайтынын көреміз ғой? Майшабақты да дәл солай санауға болады. Ол үшін арнайы жабдық керек. Екі министрге кезінде осыларды алдыру туралы айтқанмын. Бірақ министрліктер де, кәсіпкерлер де алғысы келмеді. Ойлап қарасақ, бір шелекте 100 немесе 500 шабақ болуы мүмкін. Әрқайсысының бағасы 65 теңге. Ал енді санаңыздар: кейбіреуі 100 мыңын суға жібердік дейді. Ал шын мәнінде 11 мыңын ғана жіберуі мүмкін. Енді міне, Балық шаруашылығының комитеті арнайы санау жабдықтарын алып береді. Олар 4 бассейн инспекциясына қойылмақ.
Жаңа жоба шабақ өсіріп, оны табиғи ортаға жіберуді көздейді. «Бірақ балықты заңсыз аулауға қарсы күресті күшейту керек», - дейді депутаттар. Бұл ретте су инспекторларының тапшылығы қолбайлау боп тұр. Бұрын 700 инспектор болса, қазір олардың саны 300-ге дейін қысқарған. Мәселен, Балқашта 7 инспектор жүрсе, Қапшағай су қоймасын үш маман ғана бақылайды. «Браконьерлерге қарсы тұру үшін оларды заманауи техникалармен, қайықтармен жабдықтау қажет», - деді жиынға қатысушылар.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, ел аумағында 3 мыңнан астам табиғи және жасанды көл бар. Онда 1416 кәсіпорын балық шаруашылығымен айналысады. Жалпы салада 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Ал жаңа өндірістік объектілер салған және оларды жаңғыртқан инвесаторларға су аумақтарын ешбір байқаусыз бөліп беру қарастырылған. Ол үшін резервте тұрған айдындар бар. Каспий теңізі мен Бұқтырма су қоймасындағы ірі және терең су аймақтары арнайы құрылған комиссияның шешімімен бөлінеді.
Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы:
- Инвестициялық комиссия бекітетін болады бұл жерлерді. Оның құрамына уәкілетті органдардың, жергілікті әкімдіктердің, бассейндік инспекция өкілдері, «Атамекен» ҰКП өкілдері, салалық кәсіпорын өкілдері кіреді. Сондықтан бұл жерде шешімді бір адам қабылдамайды. Яғни, сыбайластық тәуекелін азайтады деген ойымыз бар.
Сондай-ақ саланың тартымдылығын арттыру үшін балық шабақтары мен жеміне субсидия қарастырылған. Шаруашылыққа қажет су бағасын төмендету үшін де арнайы жеңілдік берілмек. Бұдан бөлек, су қоймаларын жалға беру мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бұған дейін 5 жылдан 25 жылға дейін берілсе, енді 10-нан 49 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр.