Маңғыстауда асылтұқымды жылқыны тіркеуден өткізу ісі кенжелеп тұр

Маңғыстауда асылтұқымды жылқы көбейтіп отырғандар малын ресми тіркетуге құлықсыз, деп хабарлайды 24kz.

Мамандардың айтуынша, фермерлер жылқының асылтұқымды екенін дәлелдеу үшін жүргізілетін зерттеу жұмыстары ақылы деп ойлайды. Негізінде ауыл шаруашылығы басқармасына жазбаша өтініш түссе, тегін зерттеу мүмкіндігі бар.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Маңғыстау облысында төрт мыңдай қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Адай жылқысын көбейтіп отырғандар да бар. «Дегенмен, мұндай шаруашылықтар жайлы мәлімет аз», - дейді мамандар. Себебі, фермерлер ұлттық брендке айналған жылқыны ресми тіркетуге асықпайды. Адай тұқымдас жылқының алты түрі бар екен. Жауаптылардың айтуынша, малының асылтұқымды екенін дәлелдеп, арнайы куәлік алғысы келетіндерге қажетті көмек бар.

Ботагүл Құттымұратова, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Сол куәлікті алған жағдайда мемлекет тарапынан, басқарма тарапынан субсидиялар қарастырылған. Егер де асылтұқымды малды сатып алатын болса, сол шығыны субсидияланады. Барлық малға арналған азық-түлік сатып алуға жіберген шығынды субсидиядаудың асылтұқымды малға да қатыса бар. Одан қалды, асылтұқымды айғырлардан алынған материалдар мен жасанды ұрықтандыру жасалған кезде де оған жіберілген шығындар субсидияланады.

Атбегі Әлеке Бөлтеков он шақты бәйге атын баптайды. Алыс қашықтыққа төзімді Адай тұқымдас тұлпарлары аламан бәйгелерде шашасына шаң жұқтырмай келіп жүр. Көкжендет және Дәуқара есімді сәйгүлігі «Ұлы дала жорығы» жарысында топ жарған «Көкмойнақ» командасында болған. Айтуынша, асылтұқымды жылқы саны белгілі болған кезде ғана кешенді ғылыми зерттеулер жасалып, аймақта ұлттық ат спортын дамыту қарқын алады.

Әлеке Бөлтеков, атбегі:

- Ғылыми жұмыстар жүріп, әрі қарай дамытып жатса құба-құп қой енді. Сайын Шапағатов ауылында тұрамын. Ұлттық спортпен 10 жылдан бері айналысамын. 11 жыл болды. Бәйге алаңымызға осы 2023 жылы ма, әйтеуір жер берілді. Бірақ ештеңе салынған жоқ, мысалы. Оған да қуанамыз енді, жайлап-жайлап болатын шығар.

Ауыл шаруашылығы басқармасында инновациялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы бар. Соның аясында былтыр облыс бюджетінен 50 млн теңге бөлініп, Адай жылқысына патент алу бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Енді соны жалғастыру үшін облыс әкімдігінде арнайы «Жол картасы» әзірленіп жатыр.

Айта кеткен жөн, Президент тапсырмасына сәйкес Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында «Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу» институты құрылды. Жаңа мекеме еліміздегі асыл тұқымды жылқылардың сапасын жақсартып, отандық тұқымды сыртқы нарыққа шығарумен айналысады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев