Huawei тарихы туралы қазақ тіліндегі кітап жарық көрді
Қазақ тілінде әлі де техникалық әдебиет некен-саяқ. Заманауи оқу-білімге құштар жастар үшін Huawei компаниясы тың бастаманы қолға алды, деп хабарлайды 24kz.
Ақпараттық технологиялар саласындағы көшбасшы компания қазақ тілінде Huawei тарихы жайлы тұңғыш кітапты жарыққа шығарды. Жинақ жас кәсіпкерлер, әсіресе, IT саласының мамандары үшін құнды.
Шағын қытайлық компаниядан әлемдік алпауытқа дейін. Huawei-дің таңғажайып жетістігі кім-кімді болсын тәнті етпей қоймас. Әлемдік нарықты бағындырып, цифрлық революция жасаған компания тарихын, философиясын енді қазақ тілінде танып білуге болады. Оқырман қауым «Мұндай кітаптар қазақ жастарының IT, жаңа технологияларға деген қызығушылығын арттырады», - дейді.
Айман Сахова, Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының pr менеджері:
- Бұл кітап студенттерге, әсіресе, IT, ИКТ саласындағы студенттерге өте пайдалы. Осы салада цифрландыру, жаңа технологиялар саласында жүрген, енді бизнесін бастап жүрген бизнесмендерге пайдалы болады. Бұл кітап жұмысын жасап жүрген, жеңісті жемісті бизнесмендердің өздеріне де пайдалы болуы мүмкін.
Кітапта Huawei-дің қазіргі деңгейге қалай жеткені, сондай-ақ, технологиялардың болашақтағы дамуы жайында болжамдары қарапайым әрі көркем тілмен баяндалған. Аударманы «Steppe World» баспасы жасаған.
Раиса Сайран Қадыр, «Steppe World» баспасының директоры:
- Өте қызықты. IT саласы болсын, индустриалды салада жүрген менеджер осы кітапты оқуға тиісті. Өйткені бұл жақта тек қана бизнес жағынан көрмейсіз, мұнда Қытай мәдениетінің бизнеске деген көзқарасын көре аласыз.
Кітаптың тұсаукесерінде техникалық саладағы әдебиетті қазақ тіліне аудару, оны жастар арасында насихаттау мәселелері талқыланды. Бұл бағыттағы ілкімді бастамаларға Huawei компаниясы да өз үлесін қоса бермек.
Авторлары: Қуандық Танабас, Арман Ақшабаев