Мектеп бухгалтерлері бюджетке ₸306 млн шығын келтірген

Мектеп бухгалтерлері бюджетке 306 млн теңге шығын келтірген. Бұл – қараша айының басынан бері тіркелген деректер. Түрлі құйтырқы әрекеттерді Ішкі мемлекеттік аудит комитеті арнайы бағдарламаның көмегімен анықтаған. Бұл ақпараттық жүйе «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулі деп аталады. Бүгінде бұл құралды өңірлік басқармалар да белсенді қолдана бастаған. Осы заңбұзушылықтардың жолын кескен мамандар тілшімізге эксклюзив сұхбат беріп, салада кең таралған ақша жымқыру әдістері туралы айтып берді.

Аудиторлар анықтаған күдікті операциялардың бірі – жалақыны бірнеше есе заңсыз өсіру. Мәселен, Ақтөбедегі мектептердің бірінде құжат бойынша бухгалтердің еңбекақысы жылына 700 мың теңге шамасында болған. Ал іс жүзінде оның шотына ай сайын 3-5 миллион теңге аударылып келген. «Одан бөлек, жалған қызметкерлерге ақша аудару фактілері де жиі кездеседі», – дейді мамандар.

Олжас Нукаев, Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің басқарма басшысы:

- Қарағанды қаласындағы бір мектепте ондаған қызметкерге ақша аударылғанымен, ақша екі бухгалтердің карт-шоттарына түскен. Мұнда шығын сомасы 207 миллион теңгені құрады. Үшінші таралған схема – бюджеттік қаражаттарды тым үлкен сомалармен қайталап аудару. Мысалы, Петропавл қаласының бас бухгалтері мен информатика мұғалімі өздеріне айына үш реттен артық жоғары жалақы алған, жалпы шығын сомасы – 69 миллион теңге.

Ішкі аудит комитеті қараша айының басынан бастап 306 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз аударылғанын анықтап, мекемелерге 259 хат жолдаған. Ал биылғы он айда 1322 тексеріс жүргізілді. Оның 519 қашықтан, яғни электронды аудит көмегімен жасалған. Анықталған заңбұзушылықтардың жалпы сомасы – 267,5 млрд теңге. Қаржы министрлігі қаражаттың жымқырылуын тоқтату үшін бірнеше жобаны қолға алды.

Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Бүгін мемлекеттік органдардың қаржылық жүйелерін біріктіру жобасын таныстырдық. Бұл қай мекеменің қай қаражатты қандай мақсатқа жұмсап жатқанын ашық көрсетеді. Яғни, біз осылайша бюджет қаржысы жымқырылмауын қадағалай аламыз. Сонымен қатар қажетсіз тендерлерді тоқтатуға мүмкіндік болады. Болашақта Қаржы министрлігі бұл деректер негізінде бюджетті жоспарлап, мемлекет шығындарын қысқарта алады.

Сонымен қатар бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алудың бірыңғай порталы жасақталған. Бұл барлық тендерлерді бір жерден көріп, заң талабы бұзылмауын қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тауарларды негізсіз қымбатқа сатып алуды болдырмау үшін нарықтағы бағаға талдау жасалмақ. Яғни, бюджет қаражаты үнемделеді деген сөз.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Руслан Әлиев.