Қостанай облысында спорт нысандары жетіспейді

Қостанай облысындағы Қарасу ауданында тұрғындардың 40%-і спортпен шұғылданады, деп хабарлайды 24kz.

Жергілікті жұрттың дене шынықтыруға деген қызығушылығы жақсы. Бірақ спорт нысандарының аздығы қолбайлау.

Жақында аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады. Жаңа нысанның іске қосылар сәтін жергілікті тұрғындар асыға күтіп жүр.

Аудан орталығы Қарасуда үш спорт нысаны бар. Балалар спорт мектебі, футбол алаңы және жабық мұз айдыны. Соның ішінде спорт мектебінде 700-ге жуық бала түрлі спорт түрімен  айналысады. Мұнда әсіресе, футбол жақсы дамыған. 200-ден астам жеткіншек осында күнделікті доп тебеді. Одан бөлек, баскетбол, күрес, гір тасын көтеру, нысана ату және ұлттық ойын түрлері бар. Қатысуға ниеттілер көп, қабылдауға мүмкіндік жоқ. 

Амангелді Ермағамбетов, Қарасу аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Қолданыстағы залдар тарлық етеді. Мысалы тек еркін күреспен 150 адам айналысады. Ал бізде кең көлемде жаттығу, жарыс өткізетіндей арнайы орын жоқ. Кәсіби тұрғыда дайындауға құрал-жабдықтар да жетіспейді.

Соған қарамастан республикалық, облыстық денгейде ауданның атын шығарып жүрген спортшылар аз емес. Мысалы спорт шеберлігіне кандидат Лиана Сергейчук «Тобыл» футбол командасында ойнайды. Үзіліс кезіндегі күнделікті әдеті осы залда күштік жаттығу жасау.

Лиана Сергейчук, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Спорт алаңдары көп болса деймін. Қандай да бір жетістікке жеткен аға-апаларының жолын қуғысы келетін балалар көп. Соларға жағдай жасалса, жақсы болар еді.

Биыл Қарасуда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. 400 млн теңге тұратын нысан жыл аяғына дейін ашылуы тиіс.

Ермек Исаков, «Қарасу Арена» КММ басшысының міндетін атқарушы:

- Бұл кешенде шағын футбол, еркін, қазақ күресі, дзюдо, тоғыз құмалақ, шахмат, үстел теннисі сияқты секциялар жұмыс істейтін болады. Жеке фитнес залы болады. Кешен сағатына бір мезгілде 60 адам қабылдайды.

Осы ауданға қарасты халық көп шоғырланған Люблин, Ленинский, Қойбағар ауылдары да спорт нысандарына зәру. Жергілікті билік өкілдері ендігі кезекте аталған елді мекендерде осындай кешен салу жоспарда бар екенін айтты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг