ШҚО-да балалар спортын қаржыландыру көлемі артады

Шығыс Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыру көлемі артады, деп хабарлайды 24kz.

Облыс қазынасынан жас спортшыларды даярлайтын клубтарға бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Жергілікті билік Риддер спорт интернатын техникалық тұрғыдан қайта жабдықтайды. Сол арқылы алдағы екі жылда жас спортшылар санын екі есеге арттыру жоспарда бар. Ол үшін қосымша оқу ғимараттары мен жаңа жаттығу алаңдары салынады. Қазір Шығыс Қазақстаннан 23 спортшы Харбинде өтетін қысқы Азия ойындарына іріктеуден өтіп жатыр. Одан әрі 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындық басталады. Сонымен қатар 2027 жылы елде жасөспірімдер арасындағы шаңғыдан әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Қазір ұлттық құрама сапында қысқы спорт түрлерінен шығыс қазақстанның 735 спортшысы өнер көрсетеді.

Серік Құсымбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыстағы 35 мекемеде 17 мыңға жуық бала спортпен кәсіби түрде шұғылданады. Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне сәйкес облыс бюджеті есебінен 4,5 мың балаға 1 млрд теңгеден астам мемлекеттік тапсырыс берілді.