Елімізде 450 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек таппай жүр

Елімізде 450 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек таппай жүр

Елде маман тапшы. 2030 жылға қарай жұмыс күшінің жетіспеушілігі 2 млн жанға жуықтауы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Оның ішінде техникалық білімі бар кадрлар қат.

Олардың қажеттілігі 1 млн адамнан асады деген болжам бар. Сөйте тұра, жұмыссыздардың да қарасы қалың.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Елде 450 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек таппай жүр. Бұл – жалпы еңбекке жарамды жұрттың 4,7%. Ал жұмыспен қамтылған халықтың саны 9 млн-нан асады. Сөйте тұра, Қазақстанда кадр қат. Әсіресе, жұмысшыға сұраныс көп. Сол себепті ел Президенті келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Енді жауаптылар техникалақ кәсіп иелерін даярлау ісін ілгерлетуге міндетті.

Қарлығаш Қалыбеккызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы:

- Техникалық мамандықтардың ішінде ақпараттық технологиялық коммуникация саласында 10 900 грант бөлінді. Жаратылыстану, статистика мамандықтарына 8 288 мың грант берілді. Жалпы осы техникалық бағыттарға деген қызығушылық осы жастар арасында өте белсенді болып тұр. Техникалық бағыттарда деген қызығушылық соңғы 2 жылда өсім жоғары. 2019-2020 жылдары студенттер гуманитарлық мамандықтарға қызығушылық жоғары болған.

Ал, биыл бас-аяғы 112 мың білім гранты бөлінді. Оның 60%-і техникалық мамандыққа тиесілі. Жалпы жұмысшы мамандарды елде 60 университет даярлайды. Колледждер де кадр сұранысын қамтамасыз етуге нәтижелі үлес қосып келеді.

Қарлығаш Қалыбеккызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы:

- Жалпы елімізде 120 оқу орны бар. Ұлттық 11 ЖОО, мемлекеттік 29 оқу орны, азаматтық емес 14, акционерлік 16 және жеке оқу орындарымыз бар. Олардың саны 48. Жалпы осы инженерлік бағыттағы, техникалық бағыттағы мамандарды даярлайтын 60 ЖОО бар.

Ал, депутат Таңсәуле Серіков техникалық маман дайындайтын оқу орындарының кеңес кезеңінен бері қызмет ететінін, ондағы ғимараттар мен материалдық базасының тым тозып кеткенін айтады. «Сондықтан саладағы кадр қажеттілігін азайту үшін инфрақұрылымға ден қою керек», - дейді. Сондай-ақ депутат теориямен қатар тәжірибені, шетелдік оқу орындарымен әріптестікті нығайтуды алға тартады.

Таңсәуле Серіков, ҚР ПарламентІ Мәжілісінің депутаты:

- Мәжіліс жоғарыда айтылғандарды ескере отыра ұсынамын. Ауылдардағы колледждер жанынан шет елдік оқу орындарының филиалдарын ашуды қарастыру. Колледжде оқу арқылы студенттердің өндірістерде практикадан өту кезеңін 60%-ке дейін жеткізуді қарастыру. Қазақстан колледждерін оптимизациялау мәселесін қарастыру. Колледж ұстаздарының жалақысын көтеру механизмін қарастыру.

Жоғары оқу орындарында 97 мыңнан астам студент жұмысшы мамандығы бойынша білім алады. Ал, биыл 22 мың жас оқуын тәмәмдап, еңбек нарығына қосылған. Сондада кадр тапшылығы өте өзекті.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы