Астанада «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының иегерлері анықталды
«Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының иегерлері анықталды, деп хабарлайды 24kz.
Салтанатты шара Астанада «Amanat» партиясының қолдауымен өтті. Бұл сыйлық жыл сайын қоғамдық қызметте ерекше нәтижелерге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Әр лауреат 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Марапаттау рәсіміне қатысқан Мәжіліс Спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жан Шуақ» сыйлығына қатысушылар – ерік-жігер мен ұлтжандылықтың нағыз үлгісін көрсетіп келе жатқан жеңімпаздар екенін жеткізді.
Оған Ұлттық құраманың биылғы Паралимпиадада табысты өнер көрсетіп, Париж төрінде 9 мәрте жеңіс тұғырына көтерілгені айқын дәлел. Бүгінде мүгедектігі бар адамдардың тапсырыс беруіне арналған «Aleumet» қосымшасы іске қосылған. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар 15 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында биыл 4 мың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы мүгедектігі бар азаматтарға сай бейімделді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бүгінде Мемлекет, қоғам мүгедектігі бар адамдардың мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Барлық түйткіл ашық айтылып, жан-жақты көтеріліп жатыр. Мәселен Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл елімізде пилоттық жоба қолға алынды. Ол мүгедектік туралы шешімді тиісті мекемелер бармай-ақ қашықтықтан алуға мүмкіндік береді. Осы жұмыстың барлығы «Amanat» партиясының тікелей әрі жүйелі атсалысуының арқасында жүзеге асуда.