Ертең Алматыда «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты ашылады
Күн сайын 10 мың адам, жылдық көрсеткіші 1,5 млн адамнан асатын курорттың қызмет көрсетуі мен қауіпсіздігі пысықталып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
«Алатаудың бөктеріндегі туристік әлеуетті арттыру кезең-кезеңімен атқарылады», - дейді қалалық туризм басқармасы. Мысалы, мың шақырым жаяу жүргінші жолы цифрландырылып, 13 кемпинг аймағы жасақталған. Қала қонақтары үшін 9 туристік ақпараттық орталық жұмыс істейді. Биыл қаладағы туризмді дамытуға 4,7 млрд теңге бөлінген. 2027 жылға қарай мұнда қонақүйлер санын 1,5 есе ұлғайту жоспары бар. Қонақтардың қауіпсіздігі де басты назарда.
Еркебұлан Абихан, қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары міндетін у.а.:
- Алматы халықаралық әуежайында QR код орнатылған. Бұл туристерге сенімді такси қызметтерінің қосымшаларын жылдам жүктеп алуға, керекті жерлеріне жетіп алуға мүмкіндік береді. Туристердің қауіпсіздігіне де көңіл бөлеміз. 2021 жылдан бастап алыс таулы аймақтарда 18 үйшік орнатылды. Ал, 2024 жылы шұғыл жағдайларға жедел жауап беруге дайын құтқарушыларды оқыту курстары ұйымдастырылған болатын.