Қазақстандық әуе диспетчерлері енді ЖИ арқылы оқытылады
Бұдан былай қазақстандық әуе диспетчерлерін жасанды интеллект көмегімен оқытады, деп хабарлайды 24kz.
«Қазаэронавигация» орталығында жаңа жаттығу құралы пайда болды. Ол әуе бағыты мен жердегі айлақты бейнелейді. Кез келген апаттық жағдайды модельдеп, ұшқыш ролін қоса атқарады. АҚШ өнімі елге жеткізілгелі бері азаматтық авиация саласында қандай оң өзгеріс болуы мүмкін?
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Бұл жаттығу құрылғысы заманауи бейнеойынға келіңкірейді. Жасанды интеллект таңдайтын түрлі жағдайдың графикасы өте шынайы көрінеді. Осы артықшылығы оқу процесіне толық енуге мүмкіндік береді.
Қалдыбай Тілегенов, «Қазаэронавигация» РМК кәсіби дайындау орталығының бөлім басшысы:
- Симулятор ішіндегі аң-құстардан бастап, адамдарына дейін шынайылыққа негізделген. Бұл қатарда өрт сөндіру көліктері, ұшақтар мен шамдар бар.
Ұшақ штурвалына виртуалды ұшқыш жайғасқан. Онымен әуе диспетчері байланысқа шығып кәдімгі өмірдегідей бағыт-бағдар көрсетеді. Пилот диспетчердің көмегімен әуе кеңістігінде адаспай, бортты жерге қондыруы керек. Оқыс оқиға бола қалса, құтқару қызметін шақырады.
Айдос Кеңесбек, әуе диспетчері:
- Күн райы, табиғат аясы, абоненттермен байланыс орнату тақтасы, жалпы қоршаған орта тура әуе диспетчерінің жұмыс үстеліндегідей бейнеленген.
Тренажердың шынайылық деңгейі жоғары болу үшін жүйеге Қазақстанның, көрші Қытайдың, Ресейдің және Қырғызстанның бағыт-бағдарларының картасы енгізілген. Орталық Азияда баламасы жоқ кешен Алматы қаласында ғана қолжетімді. Орталықтағылар мамандардың біліктілігін қысқа уақыт ішінде арттыра алатынына сенімді.
Қалдыбай Тілегенов, «Қазаэронавигация» РМК кәсіби дайындау орталығының бөлім басшысы:
- Бұл тренажер арқылы жаттығу үшін шетелге баратын мамандардың саны біршама қысқаруы мүмкін. Бұл алғашқы дайындық үшін таптырмас құрылғы. Тек диспетчерлердің ғана емес, онымен қоса нұсқаушылардың да біліктілігін арттырады. Осылайша, әуедегі қауіпсіздік деңгейі жоғарылайды.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының зерттеуіне сай ұшу кезіндегі қауіпсіздік бойынша Қазақстанның жаһандық стандарттарға сәйкестігі 80% жоғары. Бұл көрсеткішке сүйенсек, біздің мемлекет Кәрі құрлықтың біраз елінен озып, Чехия, Нидерланды, Бельгия және Португалия сияқты Батыс Еуропа алпауыттарымен бір қатарда тұр.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Рауль Ғабитов