Бес елдің таулы курорттық аймақтары Еуразиялық альянсқа бірікті

Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей және Оңтүстік Корея қысқы туризмді бірлесіп дамытады, деп хабарлайды 24kz.

Осы мақсатта 5 елдің таулы курорттық аймақтары Еуразиялық альянсқа бірігіп отыр. Ауқымды бастама қысқы спорт нысандарын кең насихаттауға жол ашады. Соның бір мысалы ретінде келер жылы Әзербайжанда шаңғышылар жарысы өтуі мүмкін. Бұл мәселе Өзбекстанда басталған үш күндік туристік жәрмеңкеде талқыланды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл – Жаңа Ташкенттің EXPO орталығы. Ал менің ту сыртымда өтіп жатқан іс-шара – туристік жәрмеңке. Танымдық ақпарат пен тың дерекке толы көрме 90-жылдардан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Биыл оның тақырыбы – Жібек жолы бойындағы туризмді дамыту болғандықтан, қатысам деушілердің қарасы әдеттегіден көп. Павильонда ине шаншар орын жоқ. Осының барлығы көрменің танымалдылығы мен маңыздылығын айғақтап тұрғандай.

Жәрмеңке алаңында қаузалған маңызды тақырыптың бірі – қысқы туризм. Қазақстанның Жетісу өңірінен келген саяхат компаниялары осы іске ерекше ден қойып отыр. Көрмеде көпшілік қызыға тамашалайтын туристік бағыттарын жаңа қырынан көрсетпек. Соның бірі – «Шымбұлақ». Курорттық аймақ келушілерге түрлі танымдық экскурсия ұсынып қана қоймай, қысқы спортқа жайлы жағдай жасайды.

Адина Талдыбаева, туризм саласы бойынша маман:

- Еліміз кең байтақ. Саяхаттауға арналған бағыттар көп. Алматы облысындағы тур компаниялар осы шаруаны жан-жақты жүргізіп жатыр. Көпшілік біле бермейтін танымдық дүниелері жетіп артылады. Сондықтан көрмедегі үздік стэндтердің бірін біздің тарап ұсынып отыр деп сеніммен айтуға болады. 

Алматы өңірінде шетелдіктер үшін саяхат мұнымен шектелмейді. Аймақта ұлттық табиғи парктер жетерлік. Эко және этно туризмнің айрықша мұралары орын тепкен. Жетісу жері сонысымен құнды. Кез келген мейман «Шарын» шатқалын аралап, «Көлсай» көлдерін бойлап, одан әрі таулы саяхат сервистерін пайдалана алады. Мұндай әлеуетті туризм саласы бойынша сарапшылар жоғары бағалайды.

Әсел Жұмаханова, Алматы облысы туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, шамамен 17% өсім байқалады. Жалпы туристер саны 1,6 млн-дай болып тұр. Осы мемлекеттен де туристер жылдан жылға артуда. Осындай шараларға қатысып, ынтымақтастық орнатуға сенім мол.

Өзбекстан да қысқы туризмді осы бағытта түлетпек ниетті. Елде «Әмірсай» және «Замин» атты бірегей демалыс кешендері бар. Көршіміз былтыр құрамына Қазақстан және Ресейдің таулы курорттары енген еуразиялық альянқа кірді. Биыл сол қатарды Әзербайжан мен Оңтүстік Корея толықтырды. Ташкент жәрмеңкесінде барлық 5 мемлекеттің өкілдері Еуразиялық альянстың алғашқы шаңғы чемпионатын өткізетін болып келісті. Келер жылы Әзербайжанда жарыстың жалауы желбірейді.

Тахир Шамсиматов, Өзбекстан туризм комитеті маркетинг бөлімінің бас маманы:

- Ташкент туризм жәрмеңкесіне 14 мемлекеттен 500-дей маман келді. Павильонда 50 бірдей стэнд қойылған. Әлемде мұндай көрмелер көп ұйымдастырылады. Дегенмен, біздің іс-шарамыз өзіндік ерекшелігімен есте қалмақ. Себебі біз ежелгі Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің туризм саласын дамытуға және көрші мемлекеттермен ынтымақтастыққа баса мән береміз.

Еске салайық, еліміз атынан Еуразиялық альянсқа «Шымбұлақ» демалыс аймағы қосылған. «Мақсат – бір елдің таулы аймағына тоқтаған саяхатшы сапарының екіншісінде жалғасуына жағдай жасау. Ол үшін түрлі жеңілдік ұсынатын Ski-pass жүйесі әзірленген», - дейді мамандар. Жоба жетекшілері осы арқылы еліміздегі қысқы спорттың кең қанат жаятынына сенімді.

Авторы: Рауан Мыңбаев