Елордада әскерилер арасында қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогі өтіп жатыр
Елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында әскери қызметкерлер арасында қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогінің ақтық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Халықаралық жарысқа 20 мемлекеттен 300-ге тарта спортшы жиналды. Олардың қатарында Қазақстанмен бірге Моңғолия, Испания, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Морокко сияқты Солтүстік Африка елдерінен келген қатысушылар да бар. Дүбірлі додада Әлем чемпионы атағы мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жүлделері сарапқа салынады.
Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасы:
- Алты жыл бұрын, алты жыл қатарымен біз республика деңгейінде өткізгенбіз. Биыл осы жарыс Қорғаныс министрі Кубогі, Әлем Кубогін ұйымдастырып жатырмыз. Әлем Кубогі болғаннан кейін ашық болып жатыр. Оның ішінде әскери қызметшілер де бар. Тағы да басқа қызметкерлер бар. Жан-жақтан келген спортшылар да әскери қызметшілерге жатады. Ашық форматпен өткізіп жатырмыз.
Чемпионат ерлер арасында 10, әйелдер арасында 7 салмақ дәрежесінде «жекпе-жек», «өзін-өзі қорғау» және «1+1» секілді үш сыннан тұрады.
Айта кеткен жөн, жарыстың өтуіне Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы, Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, сондай-ақ Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығы ұйытқы болды.