Шымкенттегі жалғыз қоқыс полигоны жабылудың алдында тұр
Шымкенттегі жалғыз қоқыс полигоны 85%-ке толды, деп хабарлайды 24kz.
«Қалдықтарды сұрыптау және оны қайта өңдеу ісі қолға алынбағандықтан алдағы 2 жылда жабылуы мүмкін», - дейді сала мамандары. Осыған қатысты жергілікті әкімдікте жаңа полигон құру туралы бастама көтеріліп, зауыт салуға инвестор тарту мәселесі қарастырылып жатыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қаладағы жалғыз полигонға орташа есеппен әр күн сайын 800 тоннаға дейін күл-қоқыс төгіледі. Алайда оны сұрыптау мен өңдеу жағы әліге дейін автоматтандырылмаған. Соның салдарынан экологиялық талаптар бұзылып, миллиондаған тонна күл-қоқыс жер астына көміліп жатыр.
Полигонға төгілген тұрмыстық қалдықтардың 35%-і қол күшімен сұрыпталады. Жүзге тарта жұмысшы тұрақты еңбекке тартылып, пластмасса мен полиэтилен пакеттерді, темір бұйымдар мен кәдеге жарайтын қалдықтарды жинайды. Өндірістік шикізаттан түскен табыс солардың жалақысына жұмсалады. Бірақ дәл осылай жалғаса берсе, жалғыз полигонның аумағы алдағы 2 жылда толуы мүмкін.
Нұрқанат Алдабергенов, қоқыс полигонының учаске басшысы:
- Бізге айына 280-300 мың тонна күл-қоқыс келеді. Оның кәдеге жарамайтыны жер астына көміледі. Алдағы 2 жылда полигонымыз толып қалу ықтималдығы жоғары.
Қалдықтарды сұрыптау ісін экологтар да құптамайды. Олар заңнама талаптары сақталмаса экологиялық апаттың зардабы көбейе түсетінін айтады. Бұған дейін жергілікті жұрттың шағымынан соң тексеру тағайындалып, өрттің шығуына байланысты бірнеше рет айыппұл салынған. Ал әкімдікке полигон жұмысын жаңғырту туралы нұсқау берілген.
Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаментінің басшысы:
- Біз бірнеше рет әкімшілікке хат жолдағанбыз. Сұрыптау тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр. Терең сұрыптау жұмысын жүргізу керек деген. Өз кезегінде акиматтан қазіргі таңда инвестор мәселесі жағын қарастырып жатырмыз деген бізге хат жолданған.
Ақтас полигоны бұған дейін жекенің басқаруында болды. Кәсіпкер 5 гектар жерге заманауи зауыт салғанымен оны толық қуатында іске қоса алмады. Қоқысты қабылдау және қалдықтарды сұрыптау технологиясы бұзылғандықтан қайта мемлекет иелігіне қайтарылған болатын. Қазір жергілікті билік өкілдері қайта инвестор тарту ісін қолға алды.
Гүлнар Ермекбаева, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:
- Жер телімі бөлінді жаңа полигон құрылысын салуға, сонымен қатар заманауи технологиялар қарастырып сол жер телімінің жанында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыт құрылысын салуды қарастырудамыз. Ол бойынша бірнеше инвесторлар келіп жатыр.
Қала аумағынан жаңа полигонды құруға 22 гектар жер телімі бөлінді. Басқарма тарапынан қалдықтарды өңдеп, энергетикалық кәдеге жарату жобасы әзірленді. Қазір салалық минстрлікте электр тарифін бекіту мен зауыт салуға ашық аукцион өткізу ісі пысықталып жатыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов