Мүгедек балаларды кешенді қолдауды көздейтін жаңа заң жобасы әзірленеді

Елде мүгедек балаларды кешенді қолдауды көздейтін жаңа заң жобасы әзірленеді, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін бұл мәселе Сенат қабырғасында қаралды. Халық қалаулылары, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері жұмыс тобының алғашқа отырысын өткізді. Ерекше қажеттілігі бар балалардың құқығын қорғайтын қолданыстағы заң 2002 жылы қабылданған. Осы кезге дейін 70-тен астам түзету енгізіліпті.

«Дегенмен, құжат қазіргі ахуалға және халықаралық стандартқа сай емес», - дейді депутаттар. Сондықтан оны жаңалау өзекті болып отыр. Бұл ұсынысты бұған дейін Инклюзия жөніндегі кеңес отырысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев көтерген болатын.

Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Сенат спикері әлеуметтік, медициналық, педагогикалық қолдауды сапалы деңгейге көтеру үшін мүмкіндіктер ашатын заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс айтқан болатын. Бүгінде қазақстанда көру-есту, сөйлеу, тірек-қимыл аппараты бұзылған, интеллектісі бұзылған 203 мың мүмкіндігі шектеулі бала бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсету тәсілі өзгерген. Осыған байланысты сенат депутаттары сарапшылардан, оның ішінде инклюзия жөніндегі кеңес мүшелерінен жұмыс тобы құрылды.