Құмар ойынға әуес мемлекеттік қызметшілер жұмыстан шығарылады

Павлодарда құмар ойындардың желісін құрған қылмыстық топтың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Олар покер ойынын онлайн ұйымдастырған.

Жалпы елде 6 казино, 9 ойын автоматы мен 11 букмекерлік кеңсе ғана ресми тіркелген. Алайда жасырын бизнес жүргізіп отырғандар аз емес. Ал лудомандар саны артып барады. Өкінішке қарай, олардың арасында мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері де бар. Осы орайда Павлодар облысында алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы форум өтіп, оған әдеп жөніндегі өкілдер, кадр бойынша мамандар, мекеме басшылары мен өзге де лауазымды тұлғалар қатысты. Енді құмар ойындарға әуес мемлекеттік қызметшілер жұмыстан шығарылады. Оларға заң жүзінде тыйым бар.

Асхат Ескендіров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы:

- Өздеріңіз білетіндей. қазіргі кезде жаңадын заң қабылданған. Мемлекеттік қызмет заңнамасына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына арнайы норма қосылған. Осыған бағдарланған. Яғни, мемлекеттік қызметшілерді құмар ойындарға профилактикалық жұмыстар жүргізу жөнінде және құмар ойындарға салынбау жөнінде арнайы норма бар. Сол заңды түсіндіру бойынша осы психологиялық тұрғыдан түсіндіру мәселелері жөнінде қазір біз үлкен жұмысты атқарып жатырмыз.

Серік Мүслімов, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма бастығы:

- Мемлекет басшысының бастамасымен бұл заң нормасының күшіне енгізілгеніне екі ай ғана болды. Әзірге мемлекеттік қызметшілер арасында  құмар ойынға салыну дерегі тіркелген жоқ. Бірақ бұл жұмыс тұрақты бақылауымызда болады және ең қатаң шаралар қабылданады. Бәс тігілетін ойындарда ұсталған қызметшілер мемлекеттік қызметтен босатылады.